Словениямен матчтан оралған футболшыларды Астанада күтіп алды
Словениямен ойын өткізген Қазақстан құрамасы елге оралды. Футболшыларды жанкүйерлер, БАҚ және министрлік өкілдері елордадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан күтіп алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ұлттық құрама шабуылшысы Абат Айымбетов Еуро-2024 топтық іріктеу жолындағы тарихи ойыннан кейінгі ойымен бөлісті.
«Осындай мүмкіндікті жіберіп алып, қалай көтеріңкі көңіл күйде боламыз? Жанкүйерлерге шын алғыс! Жылы лебіздеріңізді оқып, көріп жатырмыз. Тікелей жолдама аламыз деп едік, сол үшін тынбай еңбек еттік, соңғы екі жылда көп жұмыс атқарылды. Өкінішке қарай, сәл ғана жетпей қалды. Сондықтан да іште өкініш бар, бірақ бұл соңы емес. Жолдамаға қол жеткізуге тырысамыз», – деді Айымбетов.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу турнирі аясында Словения футболшыларымен кездесіп, аса тартысты өткен ойында қарсыластарына 2:1 есебімен жол берді. Құрама сапындағы жалғыз голды Словенияның «Копер» клубында ойнайтын Рамазан Оразов соқты.
Ұлттық құраманың Еуропа біріншілігіне өтуге әлі де мүмкіндігі бар. 2024 жылғы наурызда Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде бақ сынайды. Қарсылас – Грекия құрамасы.