Ол жарыста 194 елдің арасында өнер көрсетіп, бірінші орын алған
17 жастағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Иманәлі Көксал Пенсильвания университетінде тегін оқуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.
Иманәлі Көксал 2023 жылы робототехникадан әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанған.
«Сингапурдағы FGC 2023-те инженер болудан бөлек, матчтар кезінде жүргізуші болдым және роботты басқардым. Бұл стресске төзімділікті қажет етеді. Жарыста 194 елдің арасында өнер көрсетіп, бірінші орын алдық. Бұл команданың ауызбіршілігі және табандылығы мен еңбек етуінің нәтижесі екенін көрсеттік», — деді Иманәлі.
Иманәлі болашақта Қазақстанның технологиясы мен экономикасын дамытуға үлес қосқысы келеді. Сондықтан Пенсильвания университетін таңдағанын айтады.