Аза тұтуға байланысты Кореяда және шетелдік өкілдіктерде мемлекеттік ту төмен түсірілген
Оңтүстік Корея халқы елде болған ұшақ апатына байланысты бір апта бойы аза тұтатын болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Оңтүстік Корея үкіметі мәлімдеді.
“Елде Муан әуежайында болған ұшақ апатына байланысты 5 қаңтарға дейін жеті күндік аза тұту жарияланды. Кореяда және шетелдік өкілдіктерде мемлекеттік ту төмен түсірілді”, – делінген Корей үкіметінің хабарламасында.
Еске сала кетейік, Jeju Air авиакомпаниясының Boeing 737-800 әуе кемесі Бангкоктан қайтып келе жатқанда ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауға соғылған. Нәтижесінде өрт шығып, әуе көлігі екіге бөлініп кеткен. Бортта барлығы 175 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болды. Қаза тапқан 179 адамның денесі табылды. Апаттан екі адам ғана аман қалған болатын.
Қайғылы оқиғаның ресми себебі әлі белгісіз. Алдын ала мәліметке сәйкес, шасси жүйесі істен шыққан. Ұшақ құстармен соқтығысқан, қолайсыз ауа райы әсер еткен деген нұсқалар да айтылып жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша Оңтүстік Корея билігі қара жәшіктер табылғанын хабарлап отыр.