Оқиға 17 қарашада болған
Астана медициналық университетінің 4-курс студенті «ұстазынан жәбір көргенін» айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Студенттің айтуынша, емтиханды қайта тапсыруға шақырған ұстазы дәрісханаға кірген бойы есікті құлыптап, терезелерді жапқан. Сосын профессор «теориядан практикаға» көшетінін айтқан.
«Маған «төс тартқышыңды көтер, мен жүрек қағысыңды тыңдауым керек» деді. Қорыққаным соншалық, айтқанын бұлжытпай орындадым. Сосын көкірегімді умаждай бастады. Ағайға «мен қорқып тұрмын» дедім. Сонда ол: «Неге қорқасың? Мен бар болғаны денсаулығыңды тексеріп жатырмын» деді, – дейді Аида Жампейісова.
Университет әкімшілігі оқиға бір шешімін тапқанша қызды оқудан шеттетіпті. Студент полицияға арыз жазып, адвокат жалдағаннан кейін ғана сең орнынан қозғалған. Сөйтіп, профессор жұмыстан шығарылған. Бірақ өзі тағылған айыпқа қатысты жауап берген жоқ. Аидадан бөлек тағы үш студент осы мұғалімнен сексуалдық сипатта «жәбір көрдік» деп полицияға шағымданыпты. Қысыр әңгімеден басын арашалап, материалдық өтемақы талап етеміз деп отыр.
Сарыарқа аудандық полиция бөлімі аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.