Перизат Қайратты Елнұр Бейсенбаев ерікті ретінде ғана біледі.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Biz Birgemiz Kazakhstan қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Еске салсақ, осыған дейін 14 қарашада «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайраттың 1,5 млрд теңге ұрлады деп күдікке ілініп, ұсталғаны туралы жазған едік. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін ақша жинады. Бірақ тергеу мәліметтері бойынша, ол қайырымдылықтың негізгі бөлігін жылжымайтын мүлік пен сәнді заттарды сатып алу үшін пайдаланған. Көп ұзамай ерікті Палестинаға жинаған ақшаның 200 млн теңгесін жымқырған деген жаңа деректер пайда болды. Перизат Қайрат қамауға алынды.
Мәжіліс кулуарында журналистер депутат Елнұр Бейсенбаевтың бұл іске қатысты пікірін біліп көрді. Ол тергеу қорытындысы шықпайынша, түбегейлі баға беруге болмайтынын айтты.
«Әрбір қайырымдылықпен айналысатын адам жинаған қаржының дұрыс бағытта жұмсалуына жеке жауапты. Сондықтан мұндай істер бойынша әділ тергеу жүргізілуі керек», – деді депутат.
Сондай-ақ депутаттан «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорына «Amanat» партиясының қатысы бар-жоғы сұралды. Ол Перизат Қайратты ерікті ретінде ғана білетінін, қорға «Amanat» партиясының қатысы жоқтығын айтты.
«Қордың партияға ешқандай қатысы жоқ. Үш жыл бұрын бұл істі бастаған жігіттер ерікті ретінде белсенділік танытқан. Матюшенко Сергей, Мағзұм Арсланбекпен кезінде өзім бірге ерікті болып жұмыстар атқардық. Кейін олар әртүрлі жетістіктерге жетіп, партияның мүшесі атанды. Бірақ бұл олардың сол кезден бастап партиямен байланысы бар дегенді білдірмейді», – деп түсіндірді ол.