×

Өрт басылар, іштегі дертті кім басады - қаза тапқан орманшының туысы

Ауа жетпей, жолда тұншығып, құлаған

Өрт басылар, іштегі дертті кім басады - қаза тапқан орманшының туысы
Ашық дереккөздерден

Абай облысындағы өрт салдарынан 14 адам көз жұмып, оларға мемлекет атынан өмірден өткеннен кейін марапат берілді. Бірі әкеден, бірі жалғыз баласынан, бірі жан-жарынан айырылып, зар илеп 14 отбасы қалды. Ал өрт бүгін де өршіп барады.

«Ұлым қазір келеді...»

11 маусым күні түс әлетінде өрт ауыздықталатындай ақпараттар тарап, бес учаскеде тілсіз жаумен жалғасып жатқаны хабарланған. Алайда кешке қарай көтерілген желдің салдарынан жалын қайта күшейіп, елді мекендерге қауіп төндіре бастады. Жедел штаб алдымен тілсіз жау Қаштак орман шаруашылығына, Таврия ауылына қарай бара жатқанын хабарласа, Абай облысының әкімдігі қалың түтіннің салдарынан Бұлақ ауылының тұрғындары эвакуацяланып жатқаны жөнінде ақпарат берді.
Қаза болған 14 адамның бірі Серікжан Тоқтасынның туысы Мерей Қарт қаралы үйлерге бас сұғып шығыпты. Кейбірінің туысы қайтыс болған естірткен.

«Қандай қиын еді! Жұбатарға сөз таппай, ішің астаң-кестең күй кешеді екен», – деп қиналады ол.

«Көңіл айтайық… Жұбатайық, қайғыны бөлісейік» деп келген едік, жүрегім қатты ауырып қайтты. Баласының суретін құшақтап жылаған Ананың «Қазір келеді, келеді ұлым» деген үмітті зары көмейге еріксіз өксік ұялатты. Өртті сөндіремін деген өрімдей жігіттердің,көрер жарығы сөнерін кім білген?! Артында ұрпағы да қалмаған бозбала боздақтар-ай! Сырттай қарап, бақылап отырғанда, рас, сезінбейді екенбіз», - дейді ол.

Жары мен ұлынан қатар айырылған қос отбасының  жағдайы тіпті ауыр. Әкелі-балалы Виктор мен Александр Сидориндер, Николай мен Сергей Пузыревтер орманға қатар кіріп, қайырылып қайта шықпай қалған. Тас түскен жеріне ауыр.

«Қайғыдан қан жұтып, «енді қалай өмір сүремін, не істеймін, не қызық қалды?» деп жылаған жандардың қайғысын бөлісу, жүректеріндегі қызыл жалын өртті басу кімнің қолынан келер дейсіз?! Жалғыз ұлдан айырылған әке мен қанаты қайырылған ананың қайғысы қабырғаңды қаусатады. Өрт басылар, іштегі дертті кім басады?!» - дейді ол.

«Ауа жетпей қалған»

Әзірге құзыретті органдар марқұм болған орманшылардың денесін туыстарына бермеген. Сараптама жасалуы керек деп күттіріп отыр. Ресми органдар 14 адамның қалай өмірден өткені жөнінде де ақпарат берген жоқ. Тек Президент Тоқаев бүгінгі сөзінде: «Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр, болжам дұрыс жасалмады», – деді. 
Бейресми ақпаратқа қарағанда, орманшылар өрт шыққан күні орманға қарай көліктеріне отырып алып кеткен. Қалың өрттің ортасына келген кезде тілсіз жауды ауыздықтау былай тұрсын, оларға ауа жетпей қалған. Көліктеріне отырып, кері қайтпақ болған кезде мүлде кеш болған. Көліктің кейбірі орман ағашына соғылып, кейбірі тоқтап, көліктен шығып, орманшылар жаяу қашқан. Алайда ауа жетпей, жолда тұншығып, құлаған. Олардың ешбірі аман қалмаған. 

12 маусым – қаралы күн

12 маусым күнін Президент Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, кінәлілерді анықтауға міндеттелді. Ал Абай облысындағы орман өрті басылар емес...

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →