Трамп жарлығынан соң іле-шала агенттік басшысының аға кеңесшісі Кери Лейк қол қойған хат жарияланды
Мәжіліс депутаты Азаттық радиосы жабылады деген ақпаратты өкінішпен қабылдағанын айттты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Азаттық радиосы жабылады, АҚШ қаржыландыруды тоқтатады деген ақпаратты оқып отырмыз. Олай бола қалған жағдайда әрине, өкінішті. Сөз еркіндігі, саяси институттардың жаңғыруы, материалдық бейтарап ақпарат тарату жағынан келгенде Азаттықтың қашан да бәсі жоғары. Ақпараттық апталық шолуларын жібермей көрем. Әсіресе, зерттеулері ұнайды. Манас Қайыртайұлы болсын, Нұргүлдің зерттеулері, Дубайдағы пәтерлер болсын, олигархтардың жасырған дүние-мүліктері жөнінде қандай керемет зерттеу материалдарын жасады. Дәлел құжаттарымен берді. Егер Азаттық сол кезде жалған ақпарат таратса, баяғыда оларды сотқа тартатын еді. Азаттықтан көптеген журналистеп түлеп ұшты. Рахат Мамырбек, қазіргі Қасым Аманжолдың мектебін көріп жатқан журналистер. А ол үлкен мектеп», – дейді Мақсат Толықбай Мәжіліс кулуарында.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясына жетекшілік ететін АҚШ Ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) корпорацияны қаржыландыруға арналған Конгресс грантын тоқтататынын мәлімдеген соң, Қазақстан қоғамында баспасөз құралының болашағы жайлы талқы көбейді. 14 наурыз күні АҚШ президенті Дональд Трамп 7 федералдық агенттіктің қызметін шектейтін "Федералдық бюрократияны қысқартуды жалғастыру туралы" жарлыққа қол қойған. Жетеудің қатарында Азат Еуропа/Азаттық радиосына және өзге де медиа ұйымдарға жетекшілік ететін АҚШ Ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) де бар.
Трамп жарлығынан соң іле-шала агенттік басшысының аға кеңесшісі Кери Лейк қол қойған хат жарияланды. Онда агенттік Азаттық радиосын қаржыландыруға арналған Конгресс грантын тоқтататыны жазылған.
Бұл өзгерістердің бәрі Азаттық радиосы жабылғалы жатыр деген жаңалықтарға түрткі болды. 23 елге 27 тілде хабар тарататын радионың болашағы әсіресе осы мемлекеттердің азаматтары арасында қатты талқыға түсті. Соның ішінде Қазақстан қоғамы да бар.