×

«Келісім жобасы дайын»: Смайылов Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар жайлы тың жаңалықты айтты

Қазақстан Үкіметі енді бұл құжатты Оңтүстік Корея Үкіметіне тапсырғалы отыр

«Келісім жобасы дайын»: Смайылов Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар жайлы тың жаңалықты айтты
коллаж Qaz365.kz

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген отандастарымыздың құқығын қорғау туралы келісім жобасын әзірледі. Қазақстан Үкіметі енді бұл құжатты Оңтүстік Корея Үкіметіне тапсырғалы отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Нартай Аралбай Оңтүстік Кореяда Қазақстанның 20 мыңға жуық азаматы заңсыз еңбек мигранты болып жұмыс істеп жүргенін мәлім еткен еді.  Оның айтуынша, ол жақта қазақстандықтардың еңбек құқығы қорғалмайды, олар заңға сүйеніп жұмыс берушіден өз құқығын талап ете алмайды. Салдарын санамалап айту қиын.  Мәселен 57 жастағы қазақстандық азамат Оңтүстік Кореяға еңбек мигранты болып барып көз жұмғанда, оның денесін әкелу үшін туыстары жылу жинап кеткен. 

«Отандастарымыздың құқығының қорғалмауының себебі –  екіжақты келісімшарт негізінде берілетін Е-9 уақытша еңбек визасы берілмеуі. Мемлекет басшысы 2020 жылдың қазан айында бұл мәселені Үкіметке шешуді тапсырған. Бірақ әлі күнге дейін бұл түйткілдің түйіні тарқаған жоқ.  Кореямен 16 ел (Қытай, Вьетнам, Филиппин, Таиланд, Индонезия, Шри-Ланка, Моңғолия, Өзбекстан, Камбоджа, Бангладеш, Пәкістан, Непал, Мьянма, Қырғызстан, Шығыс Тимор, Лаос) Еmployment Permit System – EPS («Еңбек рұқсаттары жүйесі» – ЕРЖ) шетелдіктерді жұмысқа орналастыру жүйесіне қосылғанын білеміз. Аталған жүйеге Қазақстан неге қосыла алмай келеді?» – деп сұраған депутат.

Нартай Аралбай бастаған бір топ депутат Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында ортақ келісім жасалғанша Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек мигранты боп жүрген 20 мыңға жуық қазақстандықтың құқығын қорғайтын заңдық тетікті табуды өтінген. 
Депутаттардың бұл сауалына Қазақстанның Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жауап беріпті. Ол Қазақстанның «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қосылуға қатысты былай дейді: 

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оңтүстік Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Кореядағы еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы келісімнің жобасын әзірледі. Заң талаптарына сәйкес келісім жобасы халықаралық шарттар жасасудың ағымдағы жоспарына енгізілген. Мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген келісім жобасы Корея Үкіметінің қарауына белгіленген тәртіппен енгізілетін болады»

Смайыловтың хабарлауынша, Корея тарапының қарау қорытындысы бойынша келісім жобасына бірлесіп қол қойып, ратификациялау жөніндегі мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу жоспарланған. Осыған қоса, Қазақстан Республикасы Үкіметі жұмыс күшін жіберетін ел ретінде «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment Permit System) Қазақстанды қосу бойынша жұмыстар жүргізуде.

«Биыл 26 сәуірде Сеул қаласында дипломатиялық мәселелер бойынша консультациялардың 7-раундын өткізу барысында бірқатар мәселелер, оның ішінде Кореядағы Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері талқыланды. Қазір Кореяда заңсыз жүрген Қазақстанның азаматтары жұмыс берушілер немесе басқа жергілікті жұмысшылар тарапынан кемсіту жағдайларына тап болса, оларға заңдық көмек беретін Кореяның шетелдік жұмысшыларды қолдау орталықтарының қызметіне жүгінеді. Бұл орталықтар Кореяның құзыретті мемлекеттік органдарымен бірлесіп тексеріс шараларын жүргізуге, құқықтық қолдау көрсету өкілеттігіне ие», – дейді Үкімет басшысы.

Осыған қоса, егер Қазақстан азаматы жәбірленуші болса, ол жергілікті полицияға арыздана алады және ол арыз қабылданады. Бұл жағдайда жергілікті полиция арызданған азаматты депортациялау бойынша көші-қон қызметіне жүгінбейді. Алайда егер Қазақстан азаматы құқық бұзушы болса, онда жергілікті полиция депортациялау бойынша көші-қон қызметіне жүгінеді. Сонымен қатар, Кореяда заңсыз жүрген Қазақстан азаматтары кез келген уақытта медициналық көмек алуға құқылы. Бұған Кореядағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі заңнамалар кепілдік береді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Енді қазақ тілін білмейтіндерге азаматтық берілмейді: Президент заңға қол қойды
Бүгін, 10:49

Енді қазақ тілін білмейтіндерге азаматтық берілмейді: Президент заңға қол қойды

Қазақстан азаматы атанғысы келетіндер төл тарихымыздан да хабардар болуға тиіс
Соңғы жұмыс орны - Ақтөбе облысының әкімі
Мемлекет басшысының Жарлығымен

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →