×

«Жеңіл зиян немесе жалпы ұрып-соқса»: Асхат Аймағамбетов әйеліне қол жұмсағандарды аяусыз жаза күтіп тұрғанын айтты

Аймағамбетов отбасында зорлық-зомбылық жасайтындарға заңның қаталдығын ескертті

«Жеңіл зиян немесе жалпы ұрып-соқса»: Асхат Аймағамбетов әйеліне қол жұмсағандарды аяусыз жаза күтіп тұрғанын айтты
Фото: gov.kz

Мәжілістің қарауына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес дайындалған отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы заң жобасы келіп түсті. Төменгі палатада осы заңға жетекшілік етіп жүрген Асхат Аймағамбетов бұл заң қабылданса, қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Оның айтуынша, заң жобасында, ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді қазіргі әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке жатқызу бойынша әлдеқайда қатаңдату ескерілген. 

«Ұрып-соққандарға жаза ретінде түзеу жұмыстары мен қоғамдық жұмыстарға тарту, 25 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Егер бұл жақын адамдарға немесе қызметтік міндетін атқарған адамдарға қатысты жасалса, шамамен 50 тәулік. Ал денсаулыққа жеңіл зиян келтірген жағдайда санкциялар айтарлықтай күшейтіледі. Яғни бас бостандығын шектеу мен екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтеді», – дейді депутат.

Ол мұның тек әйелдерге қатысты емес екенін де тілге тиек етті. Мәжілісмен көшедегі бір азамат екіншісін соққыға жықса, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп отыр.

«Оның денсаулығына жеңіл зиян келсе немесе жалпы ұрып-соғу болса, қылмыстық кодекс негізінде жауапкершілікке тартылады. Күні кеше ғана «жедел жәрдем» жүргізушісін ұрып-соғу дерегі анықталды. Осындай фактілер бойынша да қылмыстық жауап қарастырылады. Өзінің жақындарын ұрып-соғу, жұмысы кезінде ұрып-соғу болса, санкция одан бетер қатаяды. Сондықтан оны әйелдерге қатысты норма деп қабылдамау керек. Ол жалпы ұрып-соғу, жалпы денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілерінің алдын алуға арналған», – дейді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар заң жобасында педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы арнайы норма бар.

«Бұрын оларды 20-30 жылға соттайтын. Біз педофилдерді өмір бойы қамауды ұсынып отырмыз. Кішкентай нәрестелерді өлтірген деректерге қатысты жаза, қателеспесем, қазір 20 жыл болуы керек. Мұндай кейстер бойынша да жауапкершілікті қатаңдатуымыз керек. Оларды да өмір бойына қамауымыз қажет. Тағы да бір мәселе бар, ол өз-өзіне қол жұмсау бойынша. Қазір біз екі жаңа құрамды енгізіп отырмыз. Өз-өзіне қол жұмсауды насихаттап, жарнамаласа, қазір оны жауапкершілікке тарту қиын. Енді өзіне-өзі қол салуды жарнамаласа, қылмыстық жауапқа тартылады. Ал суицидке итермелеу деректері бойынша да қылмыстық жаза қарастырылады», – деді депутат.

Мәжілісмен елімізде кәмелет жасына толмаған балаларды, әсіресе төменгі сынып оқушыларын автобустардан, басқа да көліктерден шығарып жіберетін деректер көп екенін айтты.

«Қыста аязды күндері олар тоңып қалады. Мысалы, алдыңғы жылы Қарағанды қаласында және басқа да қалаларда осындай жағдай болды. Егер 16 жасқа дейінгі баланың жанында ересек азаматтан ешкім болмаса, онда оны автобустан шығарып жібере алмайды. Оған ешқандай мүмкіндік берілмейді. Сол себепті балалардың құқығын қорғайтын осындай қосымша нормаларды да қарастырып отырмыз», – дейді ол.

Айта кетейік, елімізде «2023 жылы отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қаза тапты. Балаларға қарсы 2452 қылмыс жасалған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →