АИТВ-ң негізгі үш жұғу жолдары анықталған
Түркістан облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мамандары Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен кездесу өткізді. Студенттерге АИТВ инфекциясының алдын алу және одан сақтану шаралары жайлы толық ақпарат ұсынылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шараға облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының басшы орынбасары Дәурен Рыскелдиев пен орталықтың дәрігер эпидемиолог маманы Еркін Есалиев қатысып, жастармен аталған инфекция жайлы ашық пікір алмасу жүргізді. Сонымен қатар, жастар өз мәртебесін анықтауына мүмкіндік алып, орталықтың тегін медициналық көмегіне жүгіне алатындығынан хабардар болды.
Дәрігерлердің сөзінше, АИТВ инфекциясының қоздырғышының жұқтыру қаупі жоғары адам ағзасының биологиялық сұйықтықтарына қан, әйелдің қынап сұйықтығы, ерлердің шәуеті, ананың сүті жатады. Сондықтанда АИТВ-ң негізгі үш жұғу жолдары анықталған. Олардың ішінде, қан және оның компонеттері арқылы, қорғалмаған жыныстық жол арқылы және анадан балаға берілу жолы арқылы жұғады. Қан арқылы АИТВ-ға тексерілмеген адамның қанын құйған жағдайда немесе инфекциялық есірткі тұтынушылар бір шприцті бірнеше адам пайдаланғанда жұғады. Егер адам бір емес бірнеше адаммен жыныстық қатынасына түскен кезде жұқтыруы мүмкін.
Айта кетейік, АИТВ инфекциясы адамның ағзасын түрлі инфекциядан қорғайтын иммундық жүйені зақымдайтын инфекция. АИТВ жұқтырған адамдарды АИТВ-мен өмір сүрушілер деп атайды. АИТВ инфекциясы иммундық жүйенің СД4 клеткаларын зақымдайды. АИТВ инфекциясы асқынған жағдайда ЖИТС-ке әкеліп соқтырады. Ал, ЖИТС - жұқтырылған иммундық тапшылық синдромы. Бұл кезеңде науқаста оппортунистік аурулардың бой көтеруіне ағза қолайлы болып табылады.