Мамандар "мектептегі тамақтандыруды" қала және өңірлік деңгейде талқыланғаны дұрыс деп есептейді
Алматыда таяуда «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры мен Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жиындағы басты тақырып – Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктері әзірлеген мектептегі тамақтанудың жаңа стандартын талқылау. Мамандардың өзі мектептегі тамақтандырудың осылай қала және өңірлік деңгейде талқыланғаны дұрыс деп есептейді. Себебі бұл мәселе ең алдымен, балалардың денсаулығына қатысты. Жиында әр саланың маманы ойларын ортаға салды. Көбінің стандартқа көңілі толмайды.
Әлеуметтік мониторингтің қорытындысы
Қазір мектептегі тамақтандыру стандарты білім беру мекемелеріндегі тамақтану сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Алайда стандартты қабылдау үшін қоғамның белсенділігі қажет дейді мамандар.
«Әділдік және өркендеу» қоры биыл қараша айында мектеп сапасына қатысты ауқымды әлеуметтік мониторинг жүргізген. Зерттеуге елдің әр өңірінен 10 мыңнан астам ата-ана қатысқан. Олардың 53%-ы ғана мектеп тамағының сапасына көңілім толады деп жауап берген. Ал 10%-ы «нашар» деген нұсқаны таңдаған.
«Біз бұл мәселе қоғамды алаңдатып отырғанын көрдік. Мыңдаған ата-ана өз пікірін білдірді. Олардың ұсынысын негізге ала отырып жаңа стандарт әзірленді. Ендігі мақсат бұл стандартты бекітіп қана қоймай, оның сақталуын қамтамасыз ету. Қоғамдық бақылау — сапа кепілі. Белсенді ата-аналар, сарапшылар мен қоғамдық ұйым өкілдерінсіз мектеп асханалары жаңа стандарт бойынша тиімді жұмыс істей алмайды», – деді Қордың Алматыдағы өкілдігінің жетекшісі Мирас Байсейітов.
Оның айтуынша, стандарт жобасын қоғамдық талқылау үшін 10 күн жеткіліксіз. Әлдеқайда көп ой-пікір жинап үлгеру үшін «Әділдік және өркендеу» қоры бұл мерзімді ұзартуды ұсынды.