Мәдени көрме жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр
Жетісу облысында жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Еңбекпен ер атанған» көш керуені мәдени шаралары басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған іс-шара аясында еңбектің құндылығын ұғындыратын кітаптар мен суреттер көрмесі, музей жәдігерлерінен көрмелер қойылып, концерттік бағдарламалар ұсынылуда. Бүгінге дейін осындай көш керуен Ескелді, Көксу аудандарында болып өткен.
Шара барысында Қарабұлақ және Балпық би ауылдарындағы мәдениет үйлерінде Сейфуллин атындағы облыстық орталық кітапхана «Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс» атты кітап көрмелерін ұйымдастырды. Онда Құттыбек Баяндиннің «Нұрмолда Алдабергенов», «Нар тұлға», Никита Головацкиидің өз тәжирбиесі жайлы сыр бөліскен «Человек на земле», «День, равный году», сол сияқты Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваға арналған «Жетісудың жұлдызы», «Жер туралы жыр» кітаптары қойылды. Сол сияқты ауыл шаруашылығы, егін шаруашылығы, қызылша, жүгері, картоп, жеміс-жидектерді өсіру технологиясы, оны дамыту жолдары мен тиімділігі туралы кітаптармен қатар тракторшы, комбайншы, жүргізуші, дәнекерлеуші, санитарлық техник, аспаз т.б мамандықтар туралы анықтамалар мен кәсіби бағдар беретін баспалық дүниелер көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ әдебиеттегі еңбек адамының бейнесін ашатын көркем шығармалар да аталған көрмеден табылды.
Осы күндері Талдықорғандағы Көркемөнер галереясының көрмесі қойылып, оған кәсіпқой суретшілер Ж.Мүсәпір, Ж.Сейітхамит, Қ.Оразғалиев, М.Әбдреев, Н.Жошыбаев және т.б. суретшілердің жұмыстары апарылды. Сонымен қатар еліміздің өркендеуіне зор үлес қосқан Социалистік еңбек ерлері З.Тамшыбаева, Д.Қонаев, Н.Алдабергенов, Н.Головацкий, Б.Татенова, А.Зайнаудинова, М.Әлімбаева, К.Айтжанова, Ж.Молдасановтың фотосуреттері, оған қоса өңірдегі музейлердің жәдігерлері көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шаралар Д.Рақышев атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасымен түйінделді.
Көш керуені мәдени жобасын ескелділік және көксулық ақсақалдар, ұстаздар, мектеп оқушылары, жалпы аудан тұрғындары тамашалады.
“Биылғы жылды Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Мұндағы мақсат – қоғамның, жастардың назарын жұмысшы мамандықтарына аудару. Әрине, мамандарды бір-ақ жылдың ішінде жаппай даярлап, жұмысшы кадрлар жетіспеушілігін шешу мүмкін емес. Ең бастысы, үлкен істің басы басталды, жұмысшы мамандықтарының артықшылығын, қажеттілігін ұғындыру, еңбектің құндылығын ілгерілету ерекше екпінмен қарқын алып отыр. Бүгін еңбек ерлері туралы, маңдай тердің жемісі жайлы бірқатар шығармалармен танысып, тәнті болдық. Осындай шаралар әсіресе жастар үшін аса қажет”, – деді Жетісу облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев.
Атап өтсек, бұл рухани жоба бір айға жуық уақыт бойы, яғни 21 ақпанға дейін жалғасады. Іс-шара облыстың барлық аудан-қалаларын қамтиды. Көш керуенінің қорытындысында конференция ұйымдастырылып, еңбек адамдарына арналған журнал шығарылады деп жоспарланып отыр.
Жалпы бұл жобаның мақсаты - еңбек адамдарының жетістіктерін дәріптеу, қоғамдағы рөлін көтеру, еңбек адамдарының өмірлік жолын әдеби және өнер туындылары арқылы таныту, сол арқылы жастарды еңбекке, адалдыққа және жауапкершілікке тәрбилеу, аймақтың еңбек дәстүрлерін жаңғырту әрі сақтау, жұмысшы мамандықтарының тарихы мен заманауи мүмкіндіктерін таныстыру.