×

Ерекше балаларға арналған ерекше лагерь ашылды

Қапшағай көлінің жағасындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру кешенінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «All Ability Camp» спорттық лагері алғаш рет өз жұмысын бастады

Ерекше балаларға арналған ерекше лагерь ашылды
«Samruk-Kazyna Trust» қорының баспасөз қызметі

 Алматы облысы, Қапшағай көлінің жағасында орналасқан «Балдәурен» оқу-сауықтыру кешенінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «All Ability Camp» спорттық лагері алғаш рет өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Салтанатты түрде ашылған жазғы лагердің бір маусымы 5 күнге созылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша әр маусымда 50 бала мен 50 ата-ана, және арнайы келген 50 ерікті қамтылатын 4 маусым жоспарланған.

 «Самұрық-Қазына» қоры жалпы саны 200 ерекше қажеттілігі бар баланың сауықтыру демалысын ұйымдастыруға 53 миллион теңге қаражат бөлген. Балалардың және ертіп келген ата-ананың келу-кету жолы, жатын орны мен 5 мезгіл тамағы қарастырылған. Оған қоса спорт жаттықтырушылары мен арт-терапия мамандары да тартылған. Әрі ата-аналармен жеке жұмыс жасайтын психолог мамандар да бар.

 Мұнда «ДЦП life» қоғамдық қорында оңалту шараларынан өтіп жүрген балалар мен «Самұрық-Қазына» қорына кіретін «Самұрық-Энерго», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақтелеком» сынды бірқатар мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің ерекше қажеттіліктері бар балалары арнайы шақыртумен келген. Лагерьдің ерекшелігі сол, жоғарыда айтып өткеніміздей демалыс тек балаларға ғана емес, ата-аналарға да арналған. Тіпті, лагерьге келу үшін жұмыстан босатылған ата-анаға «қызметтік іссапар барысымен» деп қосымша қаржы да төленген көрінеді.

«Samruk-Kazyna Trust» жыл сайын ерекше балаларға бағытталған бейіндік спорт, инклюзивті спорт алаңдарын ұйымдастырып, оқу-жаттығулар өткізіп, ем-домдар жүргізу сияқты көптеген жобаларға қолдау көрсетеді. Биылғы жылы алғаш рет «ДЦП Life» қорымен бірге «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының 15 жылдығына орай, 200 балаға арналған жазғы спорттық лагерьді ұйымдастырып отырмыз. Одан бөлек ата-аналарға да көмек берейік деген идея келді», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

Айтуынша, осы ретте «ДЦП Life» қоғамдық қоры көмек сұрап, өз ұсыныстарын берген. Жобаның мақсаты мен қажеттілігі, қамтитын аудиториясы ауқымды екенін көрген қор өкілдері өтінішті қабылдап, жобаны толықтай қаржыландыруға шешім шығарған.

«Samruk-Kazyna Trust» – «Самұрық-Қазына» қорына кіретін мекемелердің атынан қайырымдылық шараларын жүзеге асыратын бірыңғай оператор. 2016 жылға дейін әр компания өз атынан қайырымдылық ұйымдастыратын. Одан кейін мұның барлығы жүйеленіп, «Samruk-Kazyna Trust» бірыңғай оператордың жұмысына кірісті. Жылына Қазақстан бойынша қайырымдылық шараларына 10 миллиард теңге бөліп, түрлі қызметтер көрсету арқылы игі шаралар атқарудамыз. Оның ішінде үкіметтік емес ұйымдармен ғана серіктес боламыз», - деді қор өкілі.

 Ал жобаның негізгі концепциясын жасап, бүге-шүгесіне дейін ұйымдастырған идея авторы, «ДЦП life» қорының басшысы Зәуре Итенова алғаш рет 2022 жылдың жазында 20 балаға арналған 2 күндік сауықтыру лагерін ұйымдастырған. Айтуынша, балалар өте керемет әсер алып, қуанысып қайтқан. Әлбетте, ұйымдастырушы аталмыш шараны жалғастыру керек деген ойда болады. Алайда қаржылық қолдау жағы қиынға түскен көрінеді. Қор басшысы бүгін ашылып отырған сауықтыру лагері жобасы «Самұрық-Қазына» қорынан қолдау тапқан кезде қуанышында шек болмағанын жеткізді.

Өзім де ерекше баланың анасымын. Қызым Іңкәр Абитай 14 жаста. Диагнозы – гиперкинетикалық формадағы ДЦП. Қызымызды жыл сайын Қытайда емдетіп жүрдік. Бірақ, пандемия кезінде емшараға мүлде бара алмай қалдық. Оның үстіне қызымыз да соңғы рет Қытайға барғанда «мен енді бұл жерге келмеймін, нәтиже жоқ» деп түңіле бастады. Сол кезде «не істесек болады» деп ойға баттық. ДЦП-ға шалдыққандарға шабыт сыйлайтын ең керемет дүние – спорт.  Қызымызды қызықтыратын спорт түрін іздей бастадық. Қазақстанда арбада отыратындар айналыса алатын спорт түрі жоқ екен. Бірақ бочча деген спорт түрін естіп, тиісті орындармен байланыстық. Қызымыз осы спорт түрімен айналыса бастаған соң 2021 жылы «ДЦП Life» қорын аштық. 2022 жылы паралимпиадада бочча спорт түрі бойынша Алматылық федерация ашылды. Боччадан басқа паракаратэ, бейімделген жүзу, футбол спорт түрлерін қосу жоспарда бар. Жолдасым Асан Итенов сонда жаттықтырушы. Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған әртүрлі шаралар ұйымдастырып жүрдік. Бүгінгі лагерь ең көлемдісі де маңыздысы десек қате болмас. Бұрын «Самұрық-Қазына» қорымен «Саламатты болашақ» жобасы бойынша жұмыс істесек, қазір өз қорымыз арқылы қолдау алып отырғанымызға өте қуаныштымыз, – деп ағынан жарылған Зәуре Итенова бір мезетте 100 бала қабылдайтын, ішінде спорт, оқу, реабилитациялық кешендері бар үлкен орталық ашуды армандайды.

Еріктілерді тарту, лагерьдің жоспарын дайындау жұмыстарымен де «ДЦП Life» айналысқан. 50 ерікті жинау оңайға соқпапты. Олардың ішінде оқушылар, студенттер, шетелден қонақ болып келген туристер де бар. Мәселен, Ақерке Рысдәулет пен оның достары Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен келген. НЗМ еріктілер клубының Ақерке бастаған 7 мүшесі жоба туралы естіп, бірден өтініш толтырған.

«Мұндай ұзақ мерзімді жобаға келудегі мақсат – ерекше балалармен жұмыс жасай отырып, олардың ашылуына, дамуына үлес қосу. Кішкене болса да мотивация беріп, қолдан келгенше көңілді де пайдалы уақыт өткізуге көмектесу», – дейді Назарбаев мектебінен келген ерікті оқушылар.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ата-аналар мен балалар мұндай оңалту демалысына келгендері үшін қуанышты. Мысалы, Түркістан облысы, Жетісай қаласынан келген Балжан Ибадуллаева жоба туралы естіген соң ойланбастан қызы Айкөркем Усербайды ертіп келген.

«Бала да, ата-ана да аурухана қабырғасынан жалығады. Ал көлдің жағасында, таза ауада балаларды бір жерге жинау, спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасау біз үшін таптырмас ем», – дейді ана.

Қарағанды облысы, Нұра ауданынан келген Айнұр Шукенбаева да бұл пікірге қосылды. Қызы Салидат Бейбітті алып келген ол баласының орта тауып, басқа бүлдіршіндермен достасып кеткеніне қарап мәз.

Ал Салидттың айтуынша, ол пойызбен жүруден қажып, анасына ұшақпен баруға өтініш жасаған. Бұл өтініш демеушілер арқылы іске асып, Салидат сәби арманындағы ұшақпен Алматыға жетіпті.

Тағы бір демалушы Алматы қаласынан келген Әбілжан Әбубәкір жылы жүзінен шуақ шашып қуанып жүр. Суға түсуге арналған шеңберге ауа үріп жүрген Әбілжанның асыр салып ойнағанына қарап-ақ бұл жобаның құндылығын ұғынуға болады.  Анасы Гүлжан Майтанбекованың айтуынша олар мұндай оңалту шарасына бірінші рет келіп тұр. Интернат қабырғасынан шықпайтын бала үшін бұл лагерь расымен қызықты орта болары сөзсіз.

Салтанатты ашылу рәсімінен соң бөлмелеріне тарқасқан ата-аналар мен балалардың демалысы сәтті өтеріне сенеміз. Лагерь алда тағы 3 маусым бойы балаларды қабылдайтын болады. Жоба келер жылы да дәстүрлі түрде ұйымдастырылады деп күтілуде.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Түркістан облысында биыл 7 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі
17.05.2024ж. 17:28

Түркістан облысында биыл 7 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Техникалық қадағалаушы анықталған соң, жұмыс кестесі бекітіледі
Салынып жатқан үйлердің құрлысы тамыз айында аяқталады деп жоспарланған
Облыс аумағындағы дәрігерлерге деген тапшылықты жою мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →