×

"Сотталған адам әкім бола алады, бірақ журналист бола алмайды": депутат "Масс-медиа туралы" заң жобасын сынға алды

Бақытжан Базарбек заң жобасының кемшіліктерін тізіп шықты

"Сотталған адам әкім бола алады, бірақ журналист бола алмайды": депутат "Масс-медиа туралы" заң жобасын сынға алды
inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек “Масс-медиа” туралы заң жобасын сынға алып, кемшіліктерін атады, деп хабарлайды Qaz365.kz

Депутаттың айтуынша, комиссия құрамында БАҚ өкілдері болса, комиссияға сенуге болар еді. 

“Мен кеше мына заң жобасын қатты сынға алдым, себебі көп шикілік бар. Министрліктің өкілі сөз арасында “демократия”, “сөз бостандығы” деп әшекейлеуге тырысады. Іс жүзінде заң жобасы бұған сәйкес емес.

Біріншіден, баспасөз картасын беретін комиссия мүшелері – шенеуніктер. Кімге береді, кімге бермейді, өздері шешеді. Егер комиссия құрамының жартысы БАҚ өкілдері болса, комиссияға сенетін едім. Ал комиссия Ақпарат министрлігі, басқа да министрліктің шенеуніктерінен тұрады. Оған қалай сенуге болады? Журналистің билікті сынауға құқығы бар. Мысалы, Абай облысындағы өртте қызмет жасамаған шенеунікті журналист қалай сынамайды? Сынайды. Бірақ ертең ол баспасөз картасын ала ала ма?” – деді Базарбек.

Сондай-ақ депутат заң жобасындағы журналистің арнайы білімі болуы керек деген жерімен келіспейді.

“30-бапта баспасөз картасын беруді комиссия шешеді дейді. Сондай-ақ журналистік салада арнайы білімі, дипломы болуы керек. Кешіріңіздер, қоғамдағы біраз өзекті мәселені көтеріп жатқандардың көбі журналист емес. Сонда олар бұл заң жобасы бойынша пресс-карта ала алмайды. Бір ғана мысал, Тәңірберген Бердоңғаров журналист емес қой”, – деді Мәжілісмен.

Бақытжан Базарбек заң жобасы қабылданатын болса, журналистің құқығын уәкілетті органдардың айқындайтынына наразы. 

“Соттылығы болмауы керек дейді. Мұндай қатаң талаптар тіпті Кеңес Одағы кезінде де болмаған сияқты. Айталық, адам абайсызда біреуді соғып кетсе, ол шартты түрде сотталады. Сонда бұл адамды журналистикамен айналысу мүмкіндігінен айыра ма?

Баспасөз картасын алған журналист уәкілетті орган айқындаған құқықтарға ие болады. Журналистің құқығын уәкілеттік орган айқындай ма не? Журналистің құқығы заңмен айқындалады”, – деді депутат.

Ол бұл заң жобасын қолдамайтынын айтып, әріптестерін де соған шақырды.

“Мен кеше талап қою мерзімін сынаған болатынмын. Тіпті Ресейде – 1 жыл, Молдовада – 30 күн. Ал бізде – 3 жыл. Сот адвокаты ретінде айтарым, журналисті сотқа беру үшін, лингвистикалық. фонографиялық экспертиза болуы керек. Журналист 3 жыл бойы барлық архивті өзінде ұстауы керек. Ол күніне 7-8 материал жазады. Енді 3 жылды елестетіңізші. Ол кейбір материалдарды өшіреді. Ал егер ол өшірсе, 3 жылдан кейін оны сотқа береді. Ал ол қорғана алмайды. Сіздерді талап қою мерзімін 1 жылға дейін қысқартудан не ұстап тұр? Неге 3 жыл?

21,22-баптарды оқып көріңіз. Сіз журналиске міндет жүктейсіз, құқығына нұқсан келтіресіз, шектейсіз. Қысым жасайсыз. Сондықтан да бұл заң жобасын қолдауға болмайды деп есептеймін. Бұл – менің жеке ұстанымым. Әріптестерімді де бұл заң жобасын қолдамауға шақырамын”, – деп сөзін аяқтады Бақытжан Базарбек.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →