×

Профессор: «Ұстаз» атанған имамдар ұлттық құндылықты сақтауға аса сақтықпен қарауы қажет

Профессор Қабылбек имамның шеше сөзіне байланысты даулы пікірі түсіндірмесі мүлде қате екенін жеткізжі

Профессор: «Ұстаз» атанған имамдар ұлттық құндылықты сақтауға аса сақтықпен қарауы қажет
ummet.kz

Профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Картаева «Қабылбек ұстаз» атанған Қабылбек Әліпбайұлының шеше сөзіне байланысты даулы пікірі түсіндірмесі мүлде қате екенін жеткізді, деп хабарлайды  Qaz365.kz. 

Оның айтуынша,  «ұстаз» статусына ие болған имам, молдалар қандай да бір дәстүрлі ұғымдар жүйесіне анықтама берер алдында, фольклорлық, этнографиялық әдебиеттер, энциклопедиялар, академиялық басылымдарды (10 томдық «Ұлттық энциклопедия»; 15 томдық «Әдеби сөздік»; 5 томдық «Этнографиялық энциклопедия»; 100 томдық «Бабалар сөзі», т.б.) оқып, халық алдында дайындықпен шыққандары абзал.

«Имам оқырман қауымға әлеуметтік желіде: «Ана» деген бар, «шеше» деген бар. «Ана» - баланы дүниеге әкеліп, тәрбие берген әйел, «шеше» - баласын тастап кеткен, жөргегін ауыстырмаған әйел» (қысқартып алынды)», - деген анықтама берген.


Профессордың айтуынша, шеше мен ана – бір ұғым.


«Шеше, шеше! Неше кесе, сынды кеше?. Осы жаңылтпашпен тілін жаттықтырмаған қазақ кемде кем шығар! Бала «шеше», - деп анасынан сұрап тұр! «Шеше», «Ана» - бір ұғым! «Шеше», «Ана» - ертеден келе жатқан көне түркі сөздері, екеуі де дүниеге ұрпақ әкелген әйел адам!. «Әке-шеше» - баланың ата-анасы.  Анасы мен баласын, «шешесі мен баласы» немесе «шешелі - балалы», - дейді. «Шешелі жетім - жарты жетім», - деген халық мақал-мәтелінде шешесінен айырылғанды меңзеп тұр», - дейді ол.


Тәттігүл Картаеваның сөзінше, Құрманғазының анасы Алқаға арнап шығарған күйі – «Қайран шешем» деп аталады. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында «Абайдың анасы» демейді, «Абайдың шешесі» дейді. Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран қазақтары арасында анасына «шеше» деп қатынас жасайтын отбасы баршылық. Қазақ халқы әулеттің үлкен ақсақалының жарына, оның әулеттің ұйытқысы ретіндегі орны, қасиетіне қарай сол әулеттен тараған ұл-қыздар «шешеміз», «үлкен шешеміз» деген сыйластық құрметпен қарайды. Әжені де «үлкен шеше» дейді. Профессор Ыбырай Алтынсариннің, Мұқағали Мақатаевтың, Құлыншақ Кемелұлының шеше жайлы жазған өлеңдерін келтіреді. Ертегі, аңыздарда, лиро-эпостық жырларда, қисса-дастандарда «ана» сөзінен көрі «шеше» сөзі көп қолданылатынын атап өтеді.


«Ал, шешемен байланысты боқтық сөз «шеше» ұғымының анықтамасына жауап бермейді, түбін қазатын болсақ «ана» ұғымымен байланысты да боқтық сөз бар. «Әке» туралы боқтық сөз де ортада кең қолданыста, сонда «әке» ұғымына «баласын тастап кеткен адам» деп анықтама берсек не болады?«Боқтық» сөз өз алдына бөлек тақырып. Бірін екінші бірі боқтауға қақы бар адамдар арасында  «боқтық сөздің» өз қолданысы бар, ал қоғамдық ортада «боқтыққа» қазір заң тұрғысында тиым салынған, әкімшілік айып тағылады. Дәстүрлі ортада «шеше» сөзімен байланысты боқтық сөзге тиым салуға ата-аналар, үлкендер, ауыл ақсақалдары, яғни «ақсақалдар кеңесі» жұмыс жасауы керек!» - дейді ол.


Тәттігүл Картаева діни тұрғыдан қарасақ та, Қасиетті Құран аяттары мен сүрелерінде де «ата-ана» ұғымын, әке-шеше ұғымымен беретінін ескертеді. Шешеге байланысты Исра, Лұқман, Ибраһимнің сөзін келтіреді.


««Шеше» ұғымына ойдан анықтама ойлап тауып, қоғамға таңудың қажеті жоқ. Тереңге үңілмейтін, фольклорлық мұраларымызды оқымай, имамның сөзіне иланатын белгілі бір қоғам мүшелері қалыптасқанына көзіміз жетіп жүр. Сондықтан имам, молдалар қауымы ұлттық құндылықты сақтауға аса сақтықпен қарауы қажет. Имам ілім, білім беретін діни тұлға болуы шарт!. Қазіргі кезде имам, молдалардың кәсіби мамандығына «ұстаз» сөзі тіркеліп жүр, мысалы «Қабылбек ұстаз». «Ұстаз» сөзі үйретуші, оқытушы, білім беруші адам деген мағынада. Діни кәсіпте «ұстаз» сөзі қосылса, ол оның біліктілік дәрежесін, статусын танытады, біздің ғылыми ортада «профессор», «доцент», әскери ортада «капитан», «майор» деген сияқты. Сондықтан «ұстаз» статусына ие болған имам, молдалар қандай да бір дәстүрлі ұғымдар жүйесіне анықтама берер алдында, фольклорлық, этнографиялық әдебиеттер, энциклопедиялар, академиялық басылымдарды (10 томдық «Ұлттық энциклопедия»; 15 томдық «Әдеби сөздік»; 5 томдық «Этнографиялық энциклопедия»; 100 томдық «Бабалар сөзі», т.б.) оқып, халық алдында дайындықпен шыққандары абзал. Уағыз да «білім жетілдіру» мазмұнында болуы қажет», - дейді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Түркістан облысында биыл 7 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Кеше, 17:28

Түркістан облысында биыл 7 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Техникалық қадағалаушы анықталған соң, жұмыс кестесі бекітіледі
Салынып жатқан үйлердің құрлысы тамыз айында аяқталады деп жоспарланған
Облыс аумағындағы дәрігерлерге деген тапшылықты жою мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →