×

Тарихта Шымкенттің тоз-тозын шығарған әкім болып қалады - қала тұрғындары Әйтенов жайлы

Тарихта Шымкенттің тоз-тозын шығарған әкім болып қалады - қала тұрғындары Әйтенов жайлы
Коллаж: Qaz365.kz

2020 жылдың 21 қаңтарында Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалды.

Ол 2022 жылдың 1 желтоқсанында осы лауазымға қайта тағайындалды. 

Осы жылдың 21 қаңтарында Әйтеновтің қала тізгінін ұстағанына тура 3 жыл толады. 

Қоғам белсенділері, журналистер әлеуметтік желіде Мұрат Әйтеновті жиі сынға алып жатады. Әсіресе соңғы кездері қаладағы қар тазалау жұмыстары дұрыс жүргізілмегенін айтып, наразылықтарын білдіріп жатыр

Qaz365.kz әлеуметтік желідегі әкімге айтылған сындардың рас-өтірігін анықтау мақсатында шымкенттіктердің өзінен Әйтеновтің жұмысы жайлы сұрастырып көрді.

Қала тұрғындарының кейбірі әкім жұмысына көңілдері толатынын айтса, енді кейбірі үш жылдан бері еш өзгеріс байқамағандарын айтады. 

Тұрғындардың бірі Әйтенов қолынан келгенше жұмыс жасап жатқанын айтады.

“Жалпы, қаланың ішіндегі тіршіліктер ғой. Бөліп-жарып айтатын ештеңе жоқ. Көшелер де істеліп жатыр, гүлзарлар да істеліп жатыр. Ауылдық жерлер қалаға қосылды ғой. Сол жаққа жол, газ тартылып жатыр. 100% болмаса да, шамасына қарай, бюджетке қарай тіршілік жасап жатыр ғой”, – дейді мегаполис тұрғыны.

Ал тағы бір шымкенттік Әйтенов әкім болып келгелі қаланың тоз-тозы шыққанын айтып, көңілі толмайтын мәселелерді тізіп берді.

“Кеше жол жөнінде әкімнің парақшасына жазып жібергенмін. Жұмысына ешқандай да көңілім толмайды. Мұндай сұмдық Шымкенттің тарихында ешқашан болмаған. Бұл әкім тарихта Шымкенттің тоз-тозын шығарған әкім ретінде қалатын шығар. Бұрынғы әкімдер қар жауа бастағаннан түнімен жүретін. Кеше өзінің парақшасында 162 техника, 125 техника (жұмылдырылған – ред.) деп есеп берген. Қайда? 300 техника мына алақандай Шымкентті түнімен тазартқанда, мұндай қар болмайтын еді. Бұрын бірден тұз, құм себілетін. Шет жақты айтпай-ақ, орталық көшенің өзінде құм, тұз себілмеген. Осы әкім келгелі Шымкенттің тоз-тозы шығып кетті. Шаң, батпақ, лай, енді қарға көміліп жатырмыз. Жарық жиі өшеді. Шет жақтың газдары өшеді”, – дейді әйел.

Әкімнің жұмысына оң баға бергендер де жоқ емес.

“Жалпы көңілім толады. Көшелерді жақсы тазалайтын болған. Менің жұмыс жасайтын салам қаланы толық аралап шығуға мүмкіндік береді. Жаяу жүрген кезде барлық жерді қарап жүремін. Иә, көңілім толады. Әрдайым қоғамдық көлікпен жүремін. Онда бәрі сыпайы жауап береді. Автобустар жеткілікті, бәрі уақтылы жүреді”, – деп пікірін айтты ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →