Марқұмның ағасы ол жайлы тың деректерді бөлісті
Былтыр 9 қарашада Астанадағы мейрамханалардың бірінде кісі қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді «Что скажете?» арнасына берген сұхбатында қарындасы туралы тың деректерді айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, әке-шешесі ұлы мен қызын еркін өсірген. Ешқашан қысым көрсетпеген. Шешімдерін құрметтеген. Салтанат астрологиямен айналысып, ақша таба бастаған. Сосын туыстарының үйіне жөндеу жұмыстарын істеп, көмектескен. Бірақ тек қыздарды қабылдайды екен.
«Негізі Салтанат ер адамдарды қабылдамайтын. Себебі олар артық ойын білдіріп, мазасын алатын болған. Ал Бишімбаевқа келер болсақ, кейін оның өзі айтып берген еді. Ол Алматыда бір қызбен кездесіп жүрген. Сол кезде қыз астролог биыл жігітін кездестіретінін айтқанын жеткізеді. Осыдан Қуандық қызығушылық танытып, астрологтың фотосын сұрайды. Кейін өзі Instagram арқылы Салтанатқа жаза бастайды. Алдымен консультация өткізуін сұраған. Бишімбаев бастапқыда онлайн, кейін офлайн консультацияға келіскен. Сосын Салтанатқа көңілін білдіре бастаған», – дейді Айтбек Амангелді.
Осыдан Бишімбаев астролог қызға қымбат сыйлықтар, гүлін жіберіп, көңілін аулауға тырысқан. Ал екі айдан кейін той күнін белгілегенде жақындары таңғалған.
«Осылай аяқ астынан шешім қабылдағаны күтпеген жаңалық болды. Бірінші отбасымен, менімен таныстыру керек қой деп біртүрлі болып қалғанмын. Өйткені Салтанат бұлай жылдам шешім қабылдамайтын. Үнемі құпияларымызды айтып отыратын едік. Бірақ осы жолы Бишімбаевтың ұсыныс жасағанын Instagram-нан білдім. Кейін екеуі отау құрды. Барлығы осыдан соң басталды. Салтанат жақындарымен сөйлесуін азайтты. Күйеуі үнемі аңдып, жазғандарын тексеріп отыратын», – дейді марқұмның ағасы.
Айтбек күйеу баласымен құдалықта танысқан. Бишімбаев қайын жұртына келгенде ешкіммен дұрыс сөйлеспей, әңгімеден қашып, қабырғаға қарап отырыпты.
«Біздің үйде отыру оған қызық емес сияқты көрінді. Бала сияқты. Әрине, бұл оған деген күдігімізді арттырған жалғыз жағдай емес. Кейбір адамдар мұндай дәстүрді ұнатпайтынын білемін. Бірақ сонда да құрмет деген болу керек қой», – дейді ол.
Ағасы қарындасымен 15 қазанда кездескен. Ол кезде Қуандықпен айырылысып кеткен.
«Пәтерге көшті. Өзі жеке пәтер жалдады, барлық затын сонда апарды. Бәрі жайлы, тыныш бола бастады. Сөйтіп, әке-шешем мен және төртеуіміз біздің үйде бас қостық. «Тұрмыста болдың, жетер» деп әңгіме айттық, күлдік. Содан кейін анам Салтанатпен бірге уақыт өткізу үшін үйіне қонуға барды. Ал 26 қазанда қайтадан екеуінің бірге екенін білдік. Ол мешіттен тағы да неке қиғанын көрсететін сурет жіберді. Біздің отбасымыз үшін бұл «шок» болды. Шыны керек, таңғалдық. Қарындасым Қуандық отбасымен жақсы қарым-қатынаста емес екенін айтатын. Бір-біріне қолдау жоқ, жақын емес екен. Салтанат оны аяп жүретін. Оны мен ғана түсінемін, аяймын, қолдаймын дейтін. Кетіп қалсам, менсіз не істейді деп ойлайтын», – дейді Айтбек Амангелді.
Сондай-ақ Салтанат Нүкенованың ағасы бұл іс бойынша тергеудің аяқталып қойғанын, бірақ қаңтардың басында Қуандық Бишімбаевтың тарапы қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу туралы өтінішхат бергенін, сондықтан тергеу қайта басталғанын айтты.
«Содан кейін күдікті тарап арыздан бас тартты, 9 қаңтарда тергеу жабылды, яғни жай ғана ашып, жауып тастады. Бірақ жалпы алғанда, тергеу аяқталды. Қазір материалдарды күтіп отырмыз. Жалпы саны 11 том материалдар бар. Одан бөлек, видео, скриндер – барлығы дайындалып жатыр. Келесі аптада біздің адвокат мұнымен таныса алады», – деді ол.
Еске салайық, былтыр 9 қарашада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.
Қылмыстық іске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды.