×

Ертегісімен еліктерген Әдина

«Ол тек ертегі жазып қоймайды»

Ертегісімен еліктерген Әдина

2018 жыл. Мен онымен алғаш Ұлттық аударма бюросында таныстым. Жұмысқа қабылданғаннан кейін басшымыз Кенжехан Матыжанов (қазір Әдебиет және өнер институтының директоры) «Әдебиет теориясы» оқулығын дайындайтын редакторлар мен корректорлар жиналған құрамда болатынымды айтты. «Әдина деген ертегіші бар, сонымен бірге жұмыс істейсің» деді де, кітапқа қатысты тапсырмасын берді. Кенжехан аға Әдина деп айтқанда елең ете қалдым. Сондай жылы, әдемі естіледі екен. Себебі бұрын-соңды мұндай есімді кездестірмедім. Мақұлдағандай «ләм-мим» деместен басымды изедім. Басшының кабинетінен шыға сала, ертегі жазатынын білген соң, жүріп келе жатып, «қияли біреу шығар» деп ойлап үлгердім. Көрмей жатып ой түйетін «пәлсапалығымды» қоя алмай келемін... Жә, ол маңызды емес. Себебі әңгіме ертегіші Әдина Жүсіп жайында.

​Есіктің оң қапталындағы бұрылыста қара көйлек киген орта бойлы аққұба келіншек шыға келді. «Жаңадан келгенсіз бе, мен Әдинамын...»  деп жылы жымиды. Өзі сондай сұлу екен. Жаңа ғана басшымыз айтқан Әдина менімен өзі танысып тұр.  

Кісікиік мінезімнен қысылып тұрғанда, жолы болғыш жігіттің жеңгесіндей алдымнан шыға келгенін қарасаңшы... Бұл жәй сәйкестік емес шығар?!. Мен онымен үнсіз ұғысып, бірден тіл табысып кететінімді сездім бе, әйтеуір уақыт өте әріптестігіміз достыққа ұласатынын сол күні, дәл сол сәтте шешіп тастағанымды ол білмейтін де...

***

Алғашқы жұмыс күнім. Әдина менің жұмыс үстелімді көрсетті. Мен оған қарама-қарсы отырдым. Әдинаның артында компьютер нысанасын көрсететін камера тұр. Оны байқаған мен, артыма жалт бұрылдым. Сөйтсем, менің де артымда камера бар екен.  Жан-жақтың бәрі камера, басшылықтан бөлек жетекшілер бар, мұның бәрі бақыласа, қиын екен. «Ұзаққа бармайтын шығармын. Мен еркіндікті сүйемін ғой» деп іштей тағы да өз-өзіммен диалог құра кеттім. Әдина соған қарамастан ертегі жазуын тоқтатпайтын. Жұмыстың қауырт кезінде де персонаждарды тірілтіп, сөйлетіп, көп адамның ішінде оңаша ойға шомып отыратыны есімде жақсы сақталды.

***

Ол тек ертегі жазып қоймайды, өзі тағы әзілқой екен. Жанымызда отырған әріптестерімізді күлкіге қарық қылып, көңілсіз жүрмейді. Мұңайған кезін көрген емеспін.

Осылайша күндер өтіп жатты. Әдинамен әріптестіміз ендігі достыққа ұласты. Арамыз он төрт жас. Жас айырмашылығы екеумізге кедергі келтірмеді. Себебі мен оның бойынан тазалықты көрдім. Жүзі сондай нұрлы. Күлімдесе, тіпті сұлуланып кетеді. 

Қанша ажарлы қыз-келіншек көрсем де, ішіндегі ең ерекшесі Әдина болды. Себебі оның сырт келбеті ғана сұлу емес. Жан дүниесі де сондай әсем. Үйлесім тапқан соң, бәлкім жарқырап тұратын болар?!.

Әдинадағы аңғалдық, тазалық, еркелік, кейде ойланбай сөйлейтін, ал кейде айналасын енді таныған балалардай көп сұрақ қоя беретін қасиетінің бәрі де – сәбидің болмысына қатты ұқсайтын...

Ол балаларды ерекше жақсы көреді. Бұл жағынан ұқсаспыз. Мен де оқу орталығында кішкентайларға сабақ беріп жүргендіктен, екеуміз осы тақырыпта еркін көсілдік. Жас бүлдіршіндерге жақын болу үшін табиғатыңдағы тұнықтықты сақтап қалмасаң, құрық салдырмайтын жылқылардай, қаша жөнелетіні бар. Ал, Әдина оны жақсы біледі. Себебі балалардың тілін тапқаны соншалық, «кішкентай балақай» деп ертегісін бастап, қолына қалам ұстаудан жалыққан емес.

Әдина ертегі жазып, Алматыдағы түрлі байқаулардан жүлде алса да, қарапайымдылығынан айныған жоқ. Оның ертегілерін көркем ететін дәл осы қарапайымдылығы, шынайылығы екен ғой... Мен оны кейін түсіндім. Ол сондай еркін. 

Ертегіші Әдина жайында әлемдегі ең жақсы сөздердің барлығын тізбектей берсе де, аздық етеді. Себебі, ол, расында – Жақсы адам!

Әлемді ұстап тұрған Жақсы адамдар болса, Әдинаның ертегілері еліміздің түкпір-түкпіріндегі балауса жас өскіннің есейсе де, сол тазалығын сақтап қалуына  күш береді деп сенемін!

Ертегіші болып танылған Әдинаның туындылары алда әлем тілдеріне аударылып, балалар әдебиетінің патшайымы атанар деген үміт те жоқ емес!

Қу тіршілікте қалпынан жаңылмай, балаша  қатты қуанатын Әдинаның шынайы болмысы осындай. Мұндай жандар ғасырда бір туылады. Расымен де!..

Ертегіші Әдина Жүсіптің нұр шашқан дидары – балаларды, әлемді қуантуға келгендей! 

Қарапайым қалпыңнан танбай нұрлана бер, ертегіші Әдина!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында
Мерекелік шаралар қаланың барлық аудандарында өтті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →