×

«Құрбан айтта қой бағасы арзандайды»: алматылық саудагерлер нарықтағы сұраныс пен баға туралы айтты

Қазір базарда құрбандық шалу үшін мал іздеп жүрген халықтың қарасы қалың

«Құрбан айтта қой бағасы арзандайды»: алматылық саудагерлер нарықтағы сұраныс пен баға туралы айтты
Фото: Qaz365.kz

Биыл Құрбан айттың бірінші күні 16-шы маусым жексенбіге түсіп тұр. Құрбан айтта жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбандық шалу кімдерге міндет екенін айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мүфтият ұсынған деректерге сәйкес, ханафи мәзһабы бойынша (құрбан айт күндері) құрбандық шалуға шамасы келген дәулетті (қажетінен тыс зекеттің нисап мөлшеріне жеткен), азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға уәжіп.

Осы орайда қазір базарда құрбандық шалу үшін мал іздеп жүрген халықтың қарасы қалың. Qaz365.kz тілшісі де мұсылмандар үшін айтулы мереке қарсаңында Наурызбай ауданындағы «Тау Самалы» мал базарына барып, мән-жайға қанық болып келдік. 

Он жылдан бері мал саудасымен айналысып жүрген Иса Телеуов қойларын негізінен Ұзынағаштан, Меркі және Отардан алып келеді екен. Құрбан айтқа орай ол да алақанын ысқылап, қызу саудаға дайындалып жатыр. Қазірдің өзінде 200-дей бас қойды даярлап қойған. Айтуынша, қойдың бағасы оның жасына, салмағаны байланысты 40 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін өсе береді екен.

«Негізі құрбандыққа малды бір жастан асқан соң шалады деп еститінбіз. Денесі ірі болса, алты айдан асқан соң да шала береді. Бағасына келсек, ең кішісі 40 мың теңгеден басталады. Үлкендері салмағына қарай 120 мың теңгеге дейін барады. 40 мың деп жатқанымыз сол алты айлықтан басталатын қойлар. Бір жастан асқаны 60 мыңның шамасы болады», – дейді сатушы.

Фото: Qaz365.kz

Имамдар құрбандық шалуда пенденің ықылас-пейілі, тақуалығы басты назарда болатынын алға тартады. Құрбан шалу – Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сол малдың етінен бала-шағасы, ағайын-туысы, көршілері дәм татып, сондай-ақ мұқтаж жандарға таратылады. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі деп саналады. Сондықтан да жағдайы жеткен мұсылман қауым қасиетті күндері малдың жақсысын қайырға, садақаға, зекетке беруге асығады. Былтыр кейіпкеріміздің өзі ғана 200-ден астам қой сатса, биыл да сол межеден кем түспейміз деп отыр. 

«Былтыр шамамен 200-ден аса қой саттық. Өзіміз де жыл сайын құрбандық шаламыз. Баяғы бір ағамыз «саудада береке бар» деп айтып еді, содан бері осы саладамыз. Биыл да сол межеден асып қалар деп ойлаймын», – дейді Иса Телеуов.

Бұл күндері құрбандық шалуға шамасы келген дәулетті, азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға уәжіп. Бірақ шамасы жеткендердің өзі кейде арнайы барып құрбандық шалуға уақыт таппай жатады. Өзге де себептер болуы мүмкін. Сондықтан осы жайттарды ескере отырып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2024.kz сайтын іске қосты. Онлайн құрбандық шалу бағасы 72 мың теңгеден басталады.

Иса Телеуовтен базарда сатылып жатқан қойлардың бағасын сұрап көрдік. Ол қойдың ең қымбаты әрі салмақтысы 140 мың теңгеден сатылып жатқанын атап өтті.

«Бұл қойдың келісі 40 мыңның үстінде. Шамамен 120-130 мың теңге аралығында болады. Бұл қойды жас отбасы алып қойды. Бірінші айт күні сойдырамын деді. 135 мың теңгеге сатып алды. Бұл ең қымбат қой. Сырға, құжатының бәрі бар. Ауру-сырқаукы жоқ. Құрбан айтқа дейін базарға әкеліп аламыз. Айтта сатамыз. 6-7 мыңнан сойып береді. Құрбан айтта адам көп болғандықтан 10 мың теңгеге дейін сойып береді. Бас-сирағын ұйытып береді», – дейді сатушы.