Биылғы жұмыстарға 200 млн теңге бөлінген
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Бәйдібек ауданына іссапармен барды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сапар барысында Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Кенжебаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Маханбетов және аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиевпен бірге бірқатар әлеуметтік нысанды аралады.
Мәселен Боралдай дәрігерлік амбулаториясында болып, күрделі жөндеу жұмыстарын бақылады. Бұл нысанға бюджеттен 768 млн теңге қаралған. Мердігерге биыл дәрігерлік амбулаторияның күрделі жұмысын жобаға сәйкес өз уақытында әрі сапалы аяқтау қажеттігі жөнінде ескертілді.
Одан соң Тұрақты елді мекеніндегі ағымдағы жөндеуден өткен Ж.Жүнісбеков жалпы орта мектебін аралап көрді. 150 орындық білім ұясындағы ағымдағы жөндеу жұмысы қатаң бақылауда тұр. Сонымен қатар осы елді мекендегі фельдшерлік акушерлік тірек нысанының жер телімін көріп, құрылыс нысанын орналастыру жобасымен танысты.
Сондай-ақ ол Ақбастау ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Биылғы жұмыстарға 200 млн теңге бөлінген. Мектептің қуаттылығы – 1200-ге жуық. Жауаптылар және мердігермен кездесіп, нысанның күрделі жөндеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанын ескертті. Жөндеу жұмысының сапалы жүргізілуі қатаң бақылауда екендігін айтып, мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Сапар аясында жергілікті тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініш-ұсыныстарын тыңдады. Ауылдарды ауыз сумен, электр энергиясымен сапалы қамтамасыз ету, мектепке қосымша жай салу және ішкі газ құбырлары жүйесін жүргізу жұмыстарындағы мәселелерді талқылап, оның шешу жолдары түсіндірілді.