×

«Жеңісті қытайлық боксшыға сатып жіберді дегендер болған»: Сағындық Тоғамбай жекпе-жек туралы пікір білдірді

Жеке бапкері Мырзағали Айтжановтың қойған тактикасын орындамаған

«Жеңісті қытайлық боксшыға сатып жіберді дегендер болған»: Сағындық Тоғамбай жекпе-жек туралы пікір білдірді
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында бокстан қола жүлде алған Сағындық Тоғамбай көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап берді,деп хабарлайды Qaz365.kz.

Отандасымыз 92 келіге дейін салмақта жартылай финалға дейін жетті. Ол финалдың жолдамасын шаршы алаң иесі Хан Сюэчжэньмен сарапқа салып көрген. Бірақ қарсыласының бағы жанды. Спортшы алдымен осы жекпе-жек туралы пікір білдірді. Әлеуметтік желіде «жеңісті қытайлық боксшыға сатып жіберді дегендер болған». 

«Сатып жіберу деген мүмкін емес. Бүгінгі жекпе-жекке жеңеміз деп шықтық. Оңай ұтуға да болар еді. Өкінішке қарай, жеке бапкерім Мырзағали Айтжановтың қойған тактикасын орындамадым. Соның салдарынан жеңіліс таптым. Осындай қателік кетті. Амал жоқ, қола жүлдені қанағат тұтуға тура келді. Жеңетін қабілетім бар еді, эмоцияға берілгендіктен бе, дұрыс тактика қолданбадым», - дейді Сағындық Тоғамбай.

Оған қойылған тактика барлық қашықтықтан ұру болған көрінеді. Қарсыласын өзіне жақындатпау тапсырылған.

Отандасымыз қарсыласының ерекшелігін атап өтті.

«Бұдан да мықты күрзі жұдырықты жігіттермен кездескенмін. Бірақ қытайлықтың басты артықшылығы - шаршамайды екен. Украиналық әлем чемпионы Александр Хижняк деген боксшы бар. Соның стиліне сай келеді. Мұнымен алғаш рет кездестім. Бұрын жолымыз түйіспеген», - дейді Азия ойындарының қола жүлдегері.

Қазіргі кезде бокстан ерлер құрамасынан Асланбек Шымбергенов (71 келі) пен Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) ғана жарысты жалғастырып жатыр.
Қыздардан  57 келідегі Карина Ибрагимова кеше моңғол боксшысы Намуун Монхорды 5:0 есебімен ұтып, жартылай финалға өтті. Сөйтіп, Парижге алғашқы жолдаманы жеңіп алды.  
Бұған дейін қыздардан 66 келідегі Наталья Богданова жартылай финалға өткен. Ол команданың көңіл-күйіне де тоқтала кетті.

«Біздің боксшылар сынбайды. Жартылай финалда жұдырықтасатын екі ағамызға сәттілік тілеймін. Қазақстанда бокс бар, бола береді, оған сеніңіздер», - дейді Сағындық Тоғамбай.

Ол Ташкенттегі әлем чемпионатында 86 келіде жұдырықтасқан. Осы жолы олимпиадалық салмақ 92 келіге ауысты. Жаңа салмақта Азиаданың қола жүлдесін алды. Енді қараша айында Семейде өтетін спартакиадаға қатыспақшы. Сол жерде осы салмақтың мықтысы анықталып, келесі лицензиялық турнирге қатысуы ықтимал.

«Басты мақсатым - Олимпиадаға бару. Семейдегі спартакиада дайындаламын. Сол жерде жеңіске жетіп, келесі іріктеу жарысына қатысқым келеді. Парижде өнер көрсету үшін соңына дейін барамын. Бүгінгі жеңіліс - мен үшін жаңа стимул ашты деп айта аламын», - дейді боксшы.

Осы салмақта Қазақстанда тағы бір боксшы бар. Ол - Айбек Оралбай. Екеуі кезінде бір залда, бір бапкердің қарамағында жаттыққан. Жанкүйерлердің арасында Айбекті апару керек дейтіндер бар. Сол сауалға да жауап берді.

«Айбек екеуіміз үш рет жолыққанбыз. Сол жекпе-жектердің видеосы қолжетімді. Интернеттен көрсеңіз болады. Сосын қорытынды шығара аласыздар. Бокс түсінетін адамға кімнің жеңгені анық көрініп тұр. Ал рингте менің қолым көтерілмегені рас», - дейді Сағындық Тоғамбай.

Ол бірнеше жыл Астанада бапкер Асқар Еркебаевтың қарамағында жаттыққан. Сағындықпен бірге ағайынды Оралбайлар да осы маманнан тәлім алған. Қазір боксшы ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың қарамағында. Сондықтан қайда тұрып жатқанын сұрадық.

«10 жыл елордада тұрдым. Сосын отбасылық жағдайларға байланысты 2020 жылы ауылға көштік. Қазіргі кезде Түркістан облысы, Төлеби ауданындамын»,- дейді ол.

Бұл ақпараттың жарық көруіне қолдау жасаған - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қайсарға 5 млрд бөліп, чемпион қылмай-ақ қойдым – Нұрлыбек Нәлібаев
Кеше, 14:16

Қайсарға 5 млрд бөліп, чемпион қылмай-ақ қойдым – Нұрлыбек Нәлібаев

Клуб бұрыннан қалып кеткен 400 млн теңге қарызын жыл сайын бөліп төлеп келеді
Елеусінов қыркүйек айында Алматыда жекпе-жекке шықты
2016 жылы РФ президенті Владимир Путиннің қолынан Ресей азаматтығын алған.
2024 жылдың маусымында Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін ұстады

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →