Париж Олимпиадасына бокстан үшінші жолдама бұйырды
Қазақстандық былғары қолғап шебері Айбек Оралбай биыл Парижде (Франция) өтетін жазғы Олимпиада ойындарының лицензиясына ие болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айбек Оралбай (92 келі) Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан бокстан лицензиялық турнирдің ширек финалында жұдырықтасты. Оның қарсыласы америкалық боксшы Джамар Талли болды. Үш раундқа созылған жекпе-жекте төрешілер жеңісті бірауыздан Айбекке берді. Осылайша қазақстандық боксшы Париж Олимпиадасына жолдама алды.
Айта кетейік, Айбек Оралбай лицензиялық турнирдегі алғашқы жекпе-жегінде үндістандық Санжит Санжитті жеңген еді. Ал келесі кезеңде Юнг Ха Ныльден (Оңтүстік Корея) басым түсті. Кейін 1/8 финалда қазақстандық боксшы Кастилло Торресті ұтқан болатын.
Бұған дейін алдағы Олимпиадаға Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимова жолдама жеңіп алған еді.