Жазушылар одағы ауырып жүрген мүшелеріне материалдық қолдау көрсетпек
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшылығы денсаулығы сыр беріп, ауырып жүрген мүшелеріне материалдық қолдау көрсетпек, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Одақтың жаңадан сайланған төрағасы Мереке Құлкеновтің айтуынша, бұл бастама одақ жанынан құрылған «Қазақ әдебиетінің меценаты» қоғамдық қоры арқылы жүзеге асады.
«Жазушылар одағы тек қоғамдық бірлестік қана емес, үлкен отбасы екенін ұмытпауымыз керек. Осыны ескере отырып, қазіргі таңда ауыр сырқаттанып жатқан ақын-жазушыларымызға көмек көрсету туралы шешім қабылдадық», – дейді Мереке Құлкенов.
Осы ретте биылғы жылдың соңына дейін 50 мың теңге көлемінде ай сайынғы материалдық көмек Несіпбек Айтов, Заря Жұманова, Жүрсін Ерман, Айсұлу Қадырбаева, Сара Латиева, Тұрлыбек Мәмесейіт, Нина Скалковскаяға берілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы маусым айының басында инсульт алған еді. Сол секілді Жүрсін Ерман былтырғы жылдан бері ауырып жүр. Тіпті, Швейцарияға барып емделіп келген еді.