Қазақ мемлекеттік циркінде Якутияның «Мамонт елі» атты этношоуының таныстырылымы өтті
Бүгін Қазақ мемлекеттік циркінде Якутияның «Мамонт елі» атты этношоуының таныстырылымы болып өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шараға Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшының орынбасары Найля Ахатқызы, Саха Республикасының Мәдениет және рухани даму министрі Юрий Куприянов, «Марфа және Сергей Расторгуев атындағы Якутия мемлекеттік циркінің» директоры Сергей Расторгуев, гастрольдік топтың жетекшісі Александр Посельский, цирк әртісі Роман Романов пен баспасөз өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Мәдениет басқармасы басшының орынбасары Найля Ахатқызы:
«Соңғы жылдары Қазақстан мен Саха Республикасының арасындағы мәдени-гуманитарлық бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастығы нығайып келеді. Бұл қос мемлекеттің де өнерпаздарының бір-бірінен тәжірибе алмасып, достық, татулық қарым-қатынастары беки түсетініне сенім білдіремін», – деп Якутиядан келген қонақтар мен өнерпаздарға ілтипатын жеткізді.
Алматы шаһарына гастрольдік сапармен келген Саха Республикасының мақтанышына айналған аталмыш цирк бір ай бойы Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына «Мамонт елі» атты этношоуын көрсететін болады.
Еске сала кетейік, айтулы шара Қала күніне орай ұйымдастырылып отыр. Саха елінің тарихы, мамонттардың шығу тегі, табиғаты мен жануарлар әлемінен сыр шертетін таңғажайып қойылымды көруге Алматы тұрғындарына да мүмкіндік туды.
Бұл жайында Саха Республикасының Мәдениет және рухани даму министрі Юрий Куприянов былай дейді:
«Қазақстанның қонақжайлығы мен кеңпейіл халқына, Қазақ мемлекеттік циркінің басшылығына біздің өнерпаздарымызды арнайы шақыртқандары үшін алғысымды білдіремін. «Мамонт елі» этношоуы – халықаралық деңгейдегі кәсіби мамандардың басын біріктірген жоба. Дәл осы қойылыммен Испанияның халықаралық цирк фестивалі мен Астана қаласындағы «Азия жаңғырығы» атты халықаралық фестиваліне арнайы шақырту алдық. Бұл Якутия циркінің Қазақ мемлекеттік циркіндегі алғашқы гастрольдік сапары. Өнерпаздарымыз қазақ елінің, соның ішінде Алматы тұрғындарының да көзайымына айналады деп сенеміз!», – деді ол.
Якутия циркінің өнерпаздарына дәл осы қойылымды қою үшін 200-ге тарта эксклюзивті дизайнерлік костюмдер тігіліп, түрлі жанрдағы 60-тан астам цирк әртістері жұмылдырылған. Көздің жауын алатын сахнадағы декорация, динамикалық музыка «Мамонт еліне» сапар шеккізіп, этношоу көрермендерді қуаныш пен таңғажайып әсерге бөлейді дейді.
«Марфа және Сергей Расторгуев атындағы Якутия мемлекеттік циркінің» директоры Сергей Расторгуев: «Мамонт елі» этношоуында қойылымның сәтті өтуі үшін цирк әртістері күні-түні еңбектенеді, акробаттар мен қыл арқанда тепе-теңдікті сақтап, асқан ептілікпен өнер көрсететін актерлеріміз, балет әртістері мен жануарлар жаттықтырушысы көрерменнің ықыласына бөленуден бұрын, көтеріңкі көңіл күй сыйлауға барын салатын болады. Қазақстан мен Якутия елінің өнерпаздарының бір-бірімен тәжірибе алмасатын мүмкіндік туғаны біз үшін үлкен қуаныш», – дейді.
«Мамонт елі» этношоуында Якутияның салқын климаты да назардан тыс қалмаған. Суық әлемнің таңғажайып көріністерінен сыр шертетін қойылымның негізгі мақсаты – саха елінің ежелгі тарихы мен мәдениетін, дәстүрін әлемге паш ету. Каскадерлердің сахнадағы эпикалық образдары мен режиссердің креативті идесы Якутия деген жұмбақ жердің пайда болуы мен қалыптасуына қатысты тарихынан да хабар береді.
Саха Республикасының Мәдениет және рухани даму министрі Юрий Куприяновтың айтуынша:
«Цирк қойылымы – көрерменнің көру қабілетін жақсартумен қатар, көтеріңкі көңіл күй сыйлап, интеллектуалдық деңгейін арттырады, психо-эмоционалды жай-күйін жақсартады. Сол үшін де цирк қойылымынан қалмау керек», – дейді.
Кез келген цирк қойылымының негізі – әртістердің көрсететін трюктарында екенін ескерсек, «Мамонт елі» жобасындағы көріністер дәл осы бағытқа құрылған. Әртүрлі мифтік бейнелермен кейіпкерлер көрермендерді саналуан эмоцияға бөлейді.
Айта кетейік, спектакльде Бейжің халықаралық өнер колледжінің үшінші буын түлектері өнер көрсетеді. Қойылым барысында жұмбақ орманға тап болып, табиғаттың тылсым құдіреті мен сұлулығы да паш етілмек.
Якутия Мемлекеттік циркінің директоры және көркемдік жетекшісі, Ресей Федерациясының және Саха Республикасының еңбек сіңірген әртісі, жоба жетекшісі Сергей Расторгуев этно-шоудың негізгі идеясы мен міндеттері туралы:
«Мамонт елі» этношоуында басты үш нышанға басымдық бердік. Ол: адам, солтүстік салқыны мен қажырлы еңбек. Якутияның ұлан-ғайыр жері тынымсыз еңбектің арқасында ғана игерілгенін көрсеткіміз келеді. Себебі сол еңбектің нәтижесінде Саха Республикасы ең алыс әрі ең суық аймақтан – ең озық және болашағы зор елдердің біріне айналды. Біздің ызғары бетіңді қаритын солтүстік өңірімізде өмір сүрудің өзі – талпыныс пен қажырлы еңбекті қажет етеді. Сол үшін де қойылымды «Мамонт елі» деп атап, көрініске шоуды да қосуды ұмытпадық», – дейді ол.
Еске сала кетейік, «Мамонт елі» этношоуының қоюшы режиссері Елена Петрикова мен балетмейстері Наталья Новичкова осы қойылым үшін жан-жақты дайындалып, сахна образдарының әр детальдарына дейін мән берген. Мәселен, каскадерлер мен акробаттардың ерекше трюктары залға жиналған көрермендерді таңданыссыз қалдырмайды.
Қазақстан Республикасы Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов Саха Республикасының цирк әртістерінің өнерлерін қалың көпшілікке таныстырып қана қоймай, қос ел арасындағы мәдени-дипломатиялық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жұмысы – Алматы тұрғындары мен қонақтарын бей-жай қалдырмайды деп сенеміз. Себебі аталмыш этношоудың халықаралық перспективалары да жоқ емес. Италияның фестиваліне шақырту алған цирк Қазақстаннан бөлек, Ресеймен де тығыз шығармашылық байланыс орнатқан. Алда Өзбекстан еліне де осы қойылыммен гастрольдік сапарлары жоспарланып қойған.
Саха (Якутия) Республикасының мәдениет саласының үздігі Роман Романовтың жетекшілігімен этношоуда ерекше спектакль көрсетіледі. Жонглердің ерекше трюктары едәуір биіктікте орындалады. Бұл туралы өзі:
«Мамонт елі» жобасы жүзеге аса бастағаннан-ақ трюк жасау идеясы келді. Бұған да бір жарым жыл уақыт кетті. «Циклоптар» жонглерлер триосы динамикалық музыканың сүйемелдеуімен бір мезетте жеті шармен синхронды және үйлесімді жұмыс істейді», – дейді.
Саха Республикасынан келген цирк әртістерінің айтуынша, «Мамонт елі» жобасындағы ең ауқымды да күрделі әрі естен кетпес спектакльдерінің бірі – Якутияның еңбек сіңірген әртісі Александр Посельский жетекшілік ететін акробаттар тобының қойылымдары болмақ.
«Спектакльде өнер көрсететін акробаттар тобы – Якутияның еңбекші халқының шынайы бейнелерін көрсетеді. Бізге бұрыннан таныс аңшылар мен балықшылардың тұрмыс-тіршілігі жөнінде де қойылымдар қоямыз», – дейді Александр Посельский.
Еске сала кетейік, Якутия акробаттары Мәскеуде өткен халықаралық фестивальдің жүлдегерлері атанған. «Қызыл желкендер» қойылымы көптің көңілінен шығып, спектакльді тамашалаушылардың саны артқан.
Қала күніне орай ұйымдастырылған Алматы шаһарындағы Қазақ мемлекеттік циркінде өткен баспасөз мәслихатында Саха Республикасынан келген қонақтар мен өнерпаздардың гастрольдік сапары тек Алматыда ғана емес, сондай-ақ Шымкент, Астана, Қарағанды және Душанбе қалаларында да өтетін болады.
Екі жүз жылдан астам уақыт бойы зерттеушілердің қызығушылығын тудырып, мұз дәуірінің жұмбақ символына айналған мамонт жайлы қойылымды Якутия циркінің көрерменге ұсынуы да тегін емес. Саха Республикасынан келген қонақтардың айтуынша, салмағы тоннаға жететін темір-тіректе, жеті метр биіктікте тұрып өнер көрсететін акробаттардың, гимнасттардың секіру мен теңгеру әрекеттері көрерменді ерекше сүйсіндіреді. Себебі дәл осы спектакль үшін бутворттар Мәскеу шеберханасында арнайы жасатылған.
«Мамонт елі» атауының өзі көрерменді жұмбақ та белгісіз бір эпикалық әлемге бейімдейді. Сахнадағы музыка динамикасы цирк әртістерінің харизмасы мен сол жердің атмосферасын сезініп, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Дәл осы жоба барысында ұсынылатын музыканы мәскеулік композитор Дмитрий Машков пен Якутия мемлекеттік циркінің оркестрінің жетекшісі Егор Ефимов, дыбыс режиссері, композитор-аранжировщик Константин Васильев бірігіп жазған.
Саха Республикасының тарихы мен мәдениетін, тағылымы мен дәстүрінен, кешегі мыңдаған жылдарды артқа тастаған тарихқа оралтатын бұл қойылым – өткен мен бүгінді біріктірген бірегей қойылым. Бұлай дейтініміз – этника мен рокты кіріктіріп, заманауи цирктің бүгінгі тынысынан хабар беру үшін дәстүрдің озығы мен тозығын синтездей алған өнерпаздар қандай құрметке де лайық.
Якутия циркінің әртістерінің айтуынша, театр репертуарында әндердің өзін халықтық мотивпен байытып, екінші тыныс берген. Елінің өмір-тіршілігін боямасыз беріп, шынайылықты бейнелеген Саха Республикасының цирк әртістері – өз істерін ерекше сүйіспеншілікпен орындайтын халықаралық деңгейдегі майталман мамандар. Себебі сахналық образға баса мән берген өнерпаздардың киімін күміс пен гаухар тастармен жарқыратып безендіріп тіккен көйлектерде Надежда Рус есімді сәнгердің тынымсыз еңбегінің жемісін көруге болады.
Саха Республикасының Мәдениет және рухани даму министрі Юрий Куприянов:
«Мамонт елі» этношоуының қойылымы үшін халықаралық деңгейдегі ең үздік мамандарды тарттық. 60-тан аса әртістер қазақ еліне Якутияның тарихы мен мәдениетін паш етуге келді. Халықаралық фестивальде осы қойылымымызбен жүлдегер атанған кезде, Қазақстанның Мәдениет басқармасы мен Қазақ мемлекеттік циркінің өнерпаздарымызды арнайы шақыртып, қолдау білдіргені – еліміз үшін үлкен абырой. Саха Республикасымен Қазақстанның мәдени бірлігі арта берсін», – деді жиын барысында.
Алматыдай алып шаһарымызға алғаш келіп, өнерпаздардың қойылымның қызықтары мен дайындықтары жайында кеңінен сөз қозғап, өз тәжірибелерімен бөлісіп жатқаны – қазақ елінің де цирк әртістерінің етене араласып, екі ел арасындағы достық ынтымақтастық нығая беретініне сенеміз.
Қала күніне орай ұйымдастырылған айтулы шарада Алматы қаласы Мәдениет басқармасы мен Қазақ мемлекеттік циркінің де атқарып жатқан жұмысы шаш етектен. Алматы тұрғындары мен қонақтарының өзге елдің мәдениеті мен тарихын біліп, қызығушылықтарын оятуға атсалысуда.
200-ден аса сахналық образ дайындап, өнер көрсететін 60-қа жуық Якутия цирк әртістерінің аталмыш қойылымы аз уақыттың ішінде-ақ бірнеше мемлекеттерде көрсетіліп келеді. Саха Республикасынан арнайы келген делегацияның «Мамонт елі» атты қойылымы әлі талай халықаралық фестивальдерде көрсетіліп, лайықты бағасын ала беретініне сенеміз.
Цирк қойылымы көрермен көзайымына айналып, сүйсініп тамашалайтындар саны арта берсін. Жасай бер, қазақ пен саха елінің мәдени бірлігі! Алға, «Мамонт елі»!