Жамбыл облысы Меркі ауданы Сарымолдаева ауылында 19 сәуірде кәмелетке толмаған үш қыз газдан уланып, мерт болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл жөнінде Жамбыл облыстық төтенше жағдай департаменті мәлім етті.
19 сәуірде Меркі аудандық ауруханасына көмірқышқыл газына уланған үш жасөспірім (2017 жылғы, 2019 жылғы және 2021 жылғы) жеткізілді. Өкінішке қарай балалар ес-түссіз, есін жимаған күйде көз жұмды, — делінген Меркі ауданы әкімдігі хабарламасында.
Алдын ала тергеу мәліметінше, анасы балаларын жалдамалы пәтерге қалдырып кеткен. Үйге оралған анасы газ иісін байқап, қыздарын ауруханаға жеткізуге әрекеттенген.
19 сәуір күні аталған факті «Адам өлу» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Әкімдік мәліметінше марқұм балалардың отбасына бұған дейін әлеуметтік көмек тұрақты көрсетілген. АӘК, бір реттік жәрдемақы, алимент және мектеп формасына қаражат бөлінген, мерекелік сыйлықтар берілген. Анасы 2025 жылғы қаңтардан бастап тұрақты жұмыс істеген.
Қазіргі уақытта арнайы жұмыс тобы құрылып, отбасына психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр.
20 сәуір күні аудан әкімдігінің қолдауымен Ойтал ауылдық округінде жерлеу рәсімі өтті. Қазіргі уақытта жағдай бақылауда. Ахуал тұрақты, — делінген хабарламада.