×

ҚазҰУ-дағы "пәк қыздар тізімі" дауы Еуропаға жетті

Демократиялық елдер гендерлік сегрегацияға және гендерлік кемсітушілікке тосқауыл қоюға ұмтылуда

ҚазҰУ-дағы "пәк қыздар тізімі" дауы Еуропаға жетті
Фото: freepik.com

"Пәк қыздар тізіміне" қатысты дау-жанжал батыс әлемінің алаңдаушылығын туғызып отыр. Бұл туралы Германияның жетекші ақпарат құралы Deutsche Welle жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Басылым сорақы оқиғаның қалай болғанын баяндап жазған.

"Жанжалға басқа жайт тамыздық болды: бірқатар қыздың аты-жөнінің қарсысында "virgo" деген анықтауыш жазылған. Гинекологтар тексеріс қорытындысында пәктігі бұзылмағаны белгілі болған қыздарды осылай атайды. "ҚазҰУ пәк қыздарының тізімі" деген атау алған құжаттар WhatsApp арқылы лезде сыртқа таралып кетті", – деп хабарлады Deutsche Welle еуропалық аудиторияға.

Батыстың ақпарат құралдары тізімнің тарауына университет басшылығының және ел Үкіметінің қалай үн қатқанын келтірді.

Олардың хабарлауынша, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректораты тізімнің тарап кетуіне тексерісті жүргізген медициналық орталықты кінәлап, бар айыпты соған аударды. Қызметтік тексерістің басталғанын мәлімдеумен, студенттердің құқықтарын қамтамасыз етуді сұрап, прокуратураға өтініш бағыттаумен шектелгенін жазады. ҚазҰУ-дың зардап шеккен студент қыздарға өтемақы мәселесі шешілетінін уәде еткенін еске салды. Алайда қандай өтемақы жасағанын жария етпеді.

Үкіметке келсек, шетелдік ақпарат агенттіктері дербес деректердің сақталуына жауапты, бірақ аталған тізімдердің жайылуына тоқтау сала алмаған Цифрлық даму министрлігінің мәлімдемесін келтірді. Бағдат Мусиннің ұжымы тізімнің жариялануы дербес деректерді қорғау туралы заңды бұзу болып саналатынын мәлімдеді.

Өз кезегінде, Ішкі істер министрлігі медициналық құпияны құрайтын дербес деректер мен мәліметтердің таратылуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

"Жанжал бұрқ еткелі бір айдай уақыт өтті. Ақпан оқиғасын ақырындап көлеңкеде жасырудың амалдары ең жоғары деңгейде жасалып жатқан жоқ па деген күмән-күдік туды. Сондықтан бірнеше БАҚ "пәк қыздар тізіміне" қатысты істі тергеудің қалай жүріп жатқаны туралы сұраумен жүгінді. Осы салаға жауапты Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбектің келіп түскен сұраққа жауаптары журналистерді қайран қалдырды", – деп жазады германиялық DW басылымы.

"Тергеу құқық қорғау органдарын тарта отырып, ары қарай жүргізіліп жатыр. Не анықталды? Механикалық-математикалық факультеттің студенттерінің белгілі бір бөлігінің туберкулезді анықтау үшін міндетті флюорографиядан өтпегені анықталды. Сол себепті медициналық орталық қызметкері студенттердің тізімін бағыттаған. Бұл ретте қосымша медициналық ақпараттар түсірілген бағаналарды жоймаған. Деканаттың қызметкері де оны байқамаған, мән бермеген және файлды ары қарай тарата салған", – деді министр Саясат Нұрбек.

Бірақ министр университеттің студент қыздарды пәктігін анықтауға арналған тексерістен неге өткізгенін түсіндіре алмады. С.Нұрбек жоғарғы жақтан жоғарғы оқу орындарында қыз қалпын сақтаған қанша студент барын анықтау міндеті қойылмағанын білдірді.

"Мәселенің мәнісі сол, тізімде белгіленген студенттер гинекологтың тексеруінен өткен. Басқалары өтпеген. Қыздарды пәктігіне қарай бөлу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Қос жақтан да қате кеткен", – деп жалтара жауап қатты Саясат Нұрбек Әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында, 6 наурызда, журналистерге берген сұхбатында.

Неміс ақпарат құралдары тізімде аттары аталған шәкірт қыздарды тауып, пікірін сұрапты. ҚазҰУ-дың үшінші курс студенті Әйгерім министрдің жауабынан қатты түңілгенін жасырмады. Журналистермен әңгімесінде Әйгерім министр Саясат Нұрбектен айыптылардың қатаң жазаланатыны, мұндайға бұдан былай жол бермеу шараларының қабылданғаны, ең құрыса, гинекологиялық тексерістерден өтуге тыйым салынатыны туралы мәлімдеме күткенін жеткізді.

"Біздің бәрімізді сондай тексерістен өтуге мәжбүрлейді. Бізге айтады: "егер ЖОО жанындағы медициналық орталықта тиісті тексеруден өтпесеңдер, сессияға жібермейміз!" дейді. Бірінші кезекте, ауыл-аймақтан, өзге қалалардан келген қыздарға қысым жасайды. Алматылықтарға, яғни өз баспанасында не ата-анасымен тұратын қыздарға көп тиіспейді", – деген Әйгерім жаңа бір жайтты қаперге салды: жұрт арасына таралып кеткен тізімдерде университеттің басқа факультеттері қыздарының да дербес деректері бар екен.

Бірақ "мехматтан" айырмашылығы сол, өзге факультеттердің қыздарының тұсында "virgo" деген жазу болмаған. Есесіне, олардың дербес деректері, тіпті ұялы телефонының нөмірлеріне дейін көрсетілген. Салдарынан, қыздарға нөмірін ауыстыруға тура келуде.

Қырындаушы қызыл көзділердің, былайғы бұзақылардың қарекетін қоспағанда, тізімдегі қыздар "сол дербес деректерді пайдаланып, өз үстінен алаяқтар кредит рәсімдеп алады, жалған фирмалар тіркейді" деп қорқады.

Журналистермен сөйлескен студент қыздар нағыз айыптылардың қандай да бір салмақты жаза тартатынына, әділеттіліктің орнайтынына сенбейді екен.

"Мысалы, "пәк қыздар тізімінің" әлеуметтік желіде сол бойы таралып жатқаны, Цифрлық даму министрлігінің жедел түрде оның бәрін бұғаттамағаны көп жайттан хабар береді. Оның толық нұсқасын 3 мың теңге төлеп, сатып алуға болады. Мен оның соңы неге соқтырып жатқанын көріп отырмын. "Мехматтағы" virgo атанған қос жолдас қызым тоқтаусыз қоңыраулатқан еркектердің мазағына айналды, мазасынан айырылды", – деген студент қыз германиялық басылымға "университеттің бұл тақырыпты ары қарай өзара талқылауға да қатаң тыйым салғанын" мәлім етті.

Құқық қорғаушы Мөлдір Жұмабаева жоғарғы оқу орындарында студент қыздардың жеке басына қатысты дербес деректерін жинайтынына наразы.

"Зардап шеккен қыздар айыптыларды тауып, жазалауы үшін өз бетінше де полицияға, сотқа жүгінуге құқылы. Бірақ одан қорқатын болса керек. Қалыптасқан бұл жағдай студент қыздар үшін қауіпті. Құқық қорғау органдары, университет оларды дереу қорғаумен, күзетпен қамтамасыз етуі қажет. Басқаны айтпағанда, жайсыздық тудырады, оқуы кезінде қосымша стреске душар етеді. Пәктігі туралы деректердің жиналып, тізімдердің жасалуы, ол тізімдердің интернетте сатылуы – қазақстандық қоғамның феодалдық дәуірдегідей, әйелдерге көбірек қалыңмалға сатылатын тауар сияқты қарайтынын паш етті. Біз ортағасырлық қараңғылық құрдымына құлап бара жатырмыз", – деді құқық қорғаушы Мөлдір Жұмабаева.

Қалай болғанда, өркениетті әлемнің Қазақстанды қалай қабылдайтыны осы дау-жанжалдың қалай шешілетініне, айыптылардың толық тізімінің анықталып, тиісті жазаларын алуына да байланысты болмақ.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Тоқаев ерлік көрсеткен кеншіні марапаттады
Бүгін, 09:39

Тоқаев ерлік көрсеткен кеншіні марапаттады

Ол 4 конвейерлік штрегінде пайда болған түтінді  жойған еді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →