Жасөспірімдер арасында қылмыстың болмауына ерекше назар аударылады
Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы жүргізілген кешенді шаралардың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басшылық ету және қатысу фактілері бойынша 36 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде үшеуі трансұлттық топтарға қатысты.
Қылмыстық кодекстің әртүрлі бабы бойынша қылмыстық топтың 150-ден аса өкілі жауапқа тартылды.
«Таяу шет елдердің құқық қорғау органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, шетелдік қылмыскерлердің әрекетіне тосқауыл қойылды. Нәтижесінде олар елімізге ене алмады. Осылайша, қылмыстық қақтығысқа жол берілмеді. ҰҚК-мен бірлесіп, Шымкент қаласында, Қарағанды және Қызылорда облыстарында аса қауіпті саналатын 4 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды», – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма басшысы Қуандық Алпыс.
ІІМ Қаржы мониторингі агенттігімен бірге ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландыруға және көлеңкелі экономикаға қарсы шараларды қабылдап келеді. Мемлекетке 11 млрд теңгеден астам залал келтірудің әрекеті анықталды.
12,5 мың литр және шамамен 2 млн бума акцизсіз өнімі, 5 тоннадан астам балық, 5 мыңнан астам ақбөкен дериваты тәркіленді. Құрамында алтыны бар материалдарды қайта өңдеу бойынша 19 заңсыз цех жойылып, 10 тоннадан аса кен табылды.
Жасөспірімдер арасында қылмыстың болмауына ерекше назар аударылады. Мектеп, колледж және университеттегі жастардан ақша бопсалап, бұзақылық жасаған және қару сақтаумен айналысқан 19 топтың жолы кесілді.
Қуандық Алпыстың айтуынша, қала құраушы кәсіпорындар мен тау-кен байыту комбинаттарының мүлкін ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтар да анықталды.
«ІІМ Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, компаниялардың жұмысшыларымен сөз байласып, Qarmet, «Қазақмыс», «Қазақалтын» сынды кәсіпорындардың алтынын, металл сынықтарын және басқа да өнімдерін ұрлаған бірнеше қылмыстық топты ұстады. Қылмыстық істердің, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басшылық ету және қатысу фактілері бойынша ондаған эпизод тергеліп жатыр», – деді басқарма басшысы.
Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, адам саудасына қарсы нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, адам саудасының 137 фактісі тіркелді. Оның ішінде 9 дерек адам ұрлау, қанау, заңсыз бас бостандығынан айыруымен байланысты.