Шаңырақтың иесі жұрттың алдына шығуға қорыққаннан шықпаған болуы керек
Түркістан облысы Келес ауданы Керегетас ауылының тұрғындары бір үйдің анасы мен қызын өлтірді деген күдікпен ұсталған 30 жастағы жігіттің отбасын ауылдан көшуді талап етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Кек болады! Ертең кек болады! Кешегідей жағдай қайталанбасын!» - дейді ауыл тұрғындары.
Керегетас ауылының тұрғындары жиналып, күдіктінің отбасын ауылдан көшуді талап еткен. Тұрғындар жиналып, үйінің алдына барған. Шаңырақтың иесі жұрттың алдына шығуға қорыққаннан шықпаған болуы керек. Тек күдіктінің анасы мен әйелі ел алдына шыққан. Мұны сол күні тараған видеолардан көруге болады. Олардың үйіне полиция мен әкімдік өкілдері келіп, халықты тыныштандыруға тырысқан. Амангелділіктер «көшсін» деп өз райынан қайтпай отыр.
Күдіктінің отбасы ауылдан көшу үшін үш апта сұрап отыр. Алайда керегетастықтар бұған көнбейді. «Бүгін көшіңдер» деп талап етеді.
Жантүршігерлік қылмыс
Түркістан өңіріндегі аядай ауылды қатегездікпен жасалған қанды қылмыс дүр сілкіндіріп жатыр. 30 жастағы ер адам бір үйдің әуелі анасын өлтіріп, қызына азғындық жасап қинап өлтіргені бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген еді. Оқиға жайлы алдымен, Түркістан облысы полиция департаменті хабарлаған болатын. Құзырлы орган күдікті қамалғанын жеткізді.
Мектепте дене шынықтыру мұғалімі болған 30 жастағы жігіт үйге түнде келіп, 45 жастағы әйелді кірпішпен ұрып өлтірген. Осыдан кейін 16 жастағы оқушыға азғындық жасаған. Зорлық көрсетіп жатқанын көршілері естіп, үйіне келген. Есікті ашқан кезде қылмыскер көршінің бірін соққыға жығып, қашып кеткен. Алайда көп ұзамай ұсталған.
Марқұмдардың денесін жуған туысы Гүлжан Байболатова марқұмдардың бет-ауызы адам танымастай болғанын айтады. Айтуынша, қылмыскер таспен ұрып, кішкентай қыздың көзін ағызып жіберген.
Көз жұмған ана - марқұм Зарипа Нарымбетова. Үш қыз өсіріп, екеуін тұрмысқа берген екен. Өзі мектепте аспаз болып жұмыс істеген. Күдікті ретінде ұсталған 30 жастағы жігіт – дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. 30 жастағы күдіктінің оныншы сынып оқушысына қырындап, соның салдарынан жұмыстан қуылғаны айтылады.