Депутаттың сөзінше, желіде жалған ақпарат таратып жатыр
Депутат Болат Керімбек «бойдақтық салығы» жайлы айтқан сөзін БАҚ бұрмалап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жақында мәжiлiс депутаты Болат Керімбектің «бойдақтыққа, баласы жоқ отбасыларға салық салу керек» деген сөзі БАҚ беттерінде, әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түсті. Осыған орай Qaz365.kz тілшісі депуттаттың өзімен тілдесіп, осы сөздің рас-өтірігін сұрап білді.
«Желіде және ақпарат көздерінде бірі сізді «бойдақтыққа салық салуы керек» деп айтты десе, енді бірі «баласы жоқ отбасыларға салық салу керек» деп айтты деген ақпарат таратқан. Бұл сөздер рас па?» деген сұрақ қойылды депутатқа.
Депутат Керімбек бұл ақпараттардың жалған екенін, өз сөзінің бұрмаланып жатқанын мәлімдеді.
«Қазақта «Атың шықпаса, жер өрте» деген сөз бар ғой. Мұндай мәселе айтылған жоқ болатын. Сізге жібере аламын. Бірақ менің сөзімді бұрмалап жатыр екен. Қазір мен фейсбукқа жазба жариялап, бұл заң бойынша қудаланатыны туралы жазамын. Мүлдем олай демедім. Біреудің денсаулығы жарамайды, біреудің жасы келмейді. Ол бір жағынан дұрыс емес. Екіншіден, желіде таратып жатқандары – жалған ақпарат. Кеңес заманында жалпы мына үйленбей жүрген азаматтарға сондай салық салынған деп кезінде айтқаным бар. Қоғамда жастар көп жүріп қалмау қажет. Егер ерте үйленсе, ұрпақ та сау, денсаулығы да дұрыс болады деген бір ой айтқанмын. Соны бір мысал ретінде келтіргенмін. Ал мұны «депутат салық салу керек деді» деп басқаша бұрмалап таратып жатыр. Ал баласы жоқ адамдарға салық салу деген мәселеге өзім де қарсымын. Өйткені, ол адамның денсаулығына, болмысына байланысты. Кім шығарып жүргенін білмеймін. Ол да дұрыс емес», - деді депутат Болат Керімбек.