Қазір сот отырысы жалғасып жатыр
Шерзат Полатқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесінде оқиға орнында түсірілген бейнежазба көрсетілді. Құжат 2024 жылғы 15 қарашада тіркелген. Тергеу кезінде марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев мылтықтың кімнің қолында болғанын атап өткен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алматы облысы полиция департаменті тергеу басқармасы бөлімінің басшысы Тоқтараовтың айтуынша, бейнежазба нақтылау тергеу әрекеттері барысында түсірілген. Тергеу Талғар ауданы полиция басқармасының алдында өткен. Сол жерде жәбірленуші ретінде жауап берген марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев оқиғаны бастан-аяқ баяндаған.
Оның айтуынша, төбелес басталар алдында ол Шерзатқа көліктің кілтін беріп, үйге қайтуын өтінген. Бірақ артынша бауырының қанды оқиғаға қалай қайта араласып кеткенін өзі де түсінбеген. Қақтығыс кезінде Нұрқанат “Нұрқанат аға, маған бірдеңе тығып алды” деген бауырының жан даусын естіп, оның қасына жүгіріп барған. Сол кезде Шерзаттың арқасына пышақ кіргенін көреді. Ол дереу төбелесті тоқтатуды, жедел жәрдем шақыруды сұраған.
Алайда Ғайыпбаевтың сөзінше, сол сәтте шамамен сегіз жігіт қасақана келіп, «соңына дейін төбелесіп, аяусыз соғуға» бекініп оларға қарай келе жатқан.
«Олардың әдейі, соңына дейін ұрып жығуға келе жатқанын көрдім. Алдыңғы жақтан Нұрқиястың қолында мылтық болды. Артынан Равиль, Азамат, Абзал, Дархан, Дидар, Шыңғыс – бәрі бізге қарай тап берді. Менің үстімнен басып жатқанда ар жағынан жеңгем көрінді. Осы сәтте адамдар видеожазбаға түсіре бастады», - делінген марқұм Нұрқанаттың жауабында.
Сондай-ақ сол сәтті былай сипаттайды:
«Мылтық маған қарай бағытталды. Маған қарама-қарсы Нұрқияс, Азамат, Абзал үшеуі атылып келе жатыр екен. Мылтық бір рет атылды», - дейді марқұм.
Қазір сот отырысы жалғасып жатыр. Прокурор тарапынан марқұм Нұрқанаттың өз аузымен берген айғақтары толығымен оқылып жатыр.
Тағы оқыңыз: