Астана қаласы Байқоңыр аудандық №2 соты осындай шешім қабылдады
Жеті жылға сотталған Гүлмира Сатыбалды «бизнесімді тартып алды» деген кәсіпкер Тұрсын Алагөзовке 6 млрд 584 млн теңге өтемақы төлейтін болды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша сотта жәбірленуші кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов жауап беріп, Гүлмира Сатыбалды мен мен оның бұрынғы күйеуі Қайрат Сатыбалдының қалай қоқан-лоқы көрсеткенін айтып берген еді.
Тұрсынғали Алагөзовті рейдерлік басып алу бірінші әйелі Лайсира Маратпен ажырасу кезінде басталған. Дәл сол кезеңде ерлі-зайыптылар арасында акцияны бөлу жұмыстары жүріп жатқан.
«Мен өз бизнесімнен шеттетілдім, рейдерлік фактісі бойынша құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болдым. Сондай-ақ, мені GALANZ Bottlers АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы лауазымына қалпына келтіру үшін заң компаниясына жүгінуге мәжбүр болдым. 1,5 жылға созылған рейдерлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Компанияның заңгерлері маған мүлікті бөлу қаупін болдырмау үшін сенімді адамдарыма қалған 43,25% акцияны қайта жазуды ұсынды», - деді Тұрсын Алагөзов.
Кәсіпкердің айтуынша, ол өз акцияларын екі заңгер - Бердіқұлов пен Рифшановқа тиісінше 3% және 40,25% аударған. Алайда Қайрат Сатыбалды құнды қағаздарды заңыз жолмен иеленуге әрекеттенген.
«2018 жылдың күзінде маған Бердіқұлов қоңырау шалды. Ол Қайрат Сатыбалдының хабарласып, Рифшанов екеуіне акцияны түгел Гүлмира Сатыбалдыға тапсыруды талап еткен», - деді Тұрсын Алагөзов.
Кәсіпкердің айтуынша, ол Гүлмира Сатыбалдыға акцияны бөлісу бұрынғы жұбайы екеуінің арасындағы ғана мәселе екенін айтыпты. Бірақ, ол қоқан-лоқы көрсетуін доғармағанын айтады. Ақыры Алагөзов заңгерлердің өз акцияларын Гүлмира Сатыбалдының атына жазуына келісім берген. Тапсыру сату-сатып алу рәсімі арқылы жүзеге асырылған. Онда бір акцияның құны 1 теңгемен белгіленген.