Сол кезде: “Рымбаева, басыңа келеді, сонда түсінесің” дейтін.
Халық әртісі Роза Рымбаева “Мархабат” бағдарламасына берген сұхбатында тұңғыш немересінің қалай өсіп жатқанын көрсетіп, болашақтағы арман-мақсатымен бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанның Халық әртісі немересінің бесік тойында ортаны бермей шыр-көбелек айналып билеп, той көркін қыздырған болатын.
“Біздің жасымыз 70-ке таяп қалды. Құрдастарымның тең жартысы шөбере сүйіп отыр. Кезінде достарым немерелерін ертіп жүргенін көрсем, ұрысып тастайтын едім. “Немере – сенің балаң емес, өзінің әке-шешесі бар, сен оны бағуға міндетті емессің” деп ақыл айтып жүруші едім. Сол кезде “Рымбаева, басыңа келеді, немерелі болғанда түсінесің” дейтін. Олардың немерелеріне махаббаты өтірік деп ойлайтынмын. Қазір сол сөзім үшін ұялып, достарымнан кешірім сұраймын”, – дейді өнер иесі.
Әнші дүниеге немересі келгелі өмірінің түбегейлі өзгергенін айтты.
“Жасың ұлғайған сайын, балажан болады екенсің. Періштемді көргенде бәрін ұмытамын. Әже болудың сәні де немере бағу екен. Одан кейін, балаларым жас отбасы болған соң, оларға көмектескім келеді. Бала күтуде тәжірибелері жеткіліксіз болып жатады. Сол кезде қолдау білдіремін. Әке-шешесі қыдырып кеткенде үйде бала бағып та қалатын мен. Менің мақсатым – немереме барлық күшімді, білімімді, тәрбиемді беру,” – дейді Роза Рымбаева.
Айта кетейік, бұған дейін Роза Рымбаеваның ұлы Әли Оқаповтың барлық марапаттарынан бас тартқалы жатқаны туралы жазған болатынбыз.