Елорда спортшыларының жетістігі
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен XIX жазғы Азия ойындарында елорда спортшылары 7 медальға қол жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Атап айтсақ, әйелдер күресінен 76 келіге дейін салмақта күрескен Жәмилә Бақбергенова финалға дейін алқынбай жетті. Тек шешуші кезеңде қырғыз қызы Айпері Медетқызына ғана есе жіберді. Сөйтіп, күміс медальға қол жеткізді. Одан бөлек, жүзуден Әділбек Мусин екі қолаға ие болды. Сол секілді әртістік (синхронды) жүзу спортшылары Жания Жиенғазы, Анна Павлецова, Жаклин Якимова, Әйгерім Құрманғалиева, велоспорттан Рамис Дінмұхаметов, семсерлесу спортшысы Саттархан Назарбай қола медаль иеленген.
Ал қазіргі бессайыс спортшысы Елена Потапенко жекелей сында 5-орын алып, 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына олимпиада лицензиясын жеңіп алды.
Жалпы, Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрама командасында 19 олимпиадалық спорт түрінен қала құрамасынан барлығы 49 елордалық спортшы қатысқан.
Одан кейін Пара Азия ойындарында Астана қаласы 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медальге ие болды. Соның ішінде Ақмарал Науатбек пен Шамей Ерғали пара дзюдодан чемпион атанды. Асылан Нұрдәулетов күміс медаль иегері болды. Пара жүзуден Сиязбек Дәлиев те қанжығасына қола медаль байлады.
Елорданың боксшылары да қуантты. Биыл Нұрбек Оралбай (80 келі) мен Санжар Тәшкенбай (48 келі) Ташкенттегі әлем чемпионатында топ жарды.
«Астана» футбол клубы УЕФА Еуропа Конференция лигасының топтық кезеңіне шықты.