×

Сирия мен Израиль аймағында бітімгерлік миссиясын орындаған қазақ әскері елге оралды

Қазақ іскері БҰҰ Миссиясы мен Хатшылығы басшылығының жоғары бағасына ие болған

Сирия мен Израиль аймағында бітімгерлік миссиясын орындаған қазақ әскері елге оралды
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

Семей қаласының «Абай» әуе айлағы мен Алматы халықаралық әуежайында БҰҰ бітімгерлік миссиясы құрамында Таяу шығыс аймағы Голан жоталарында қызмет атқарған әскери қызметшілерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Мемлекет басшысы әскери борышын үлгілі атқарғаны, көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметшіні мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бітімгерлік миссиясы құрамында қызмет ету – бұл үлкен тәжірибе, әрі жауапкершілік. Алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындағаны үшін қазақстандық бітімгерлік контингенттің жеке құрамы БҰҰ Миссиясы мен Хатшылығы басшылығының жоғары бағасына ие болғанын атап өту керек”, – делінген министрлік хабарламасында.

Семейде бітімгерлерді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов пен Абай гарнизонындағы әскери бөлімдердің командирлері қарсы алған. Әуежайға жақындарын күтіп алуға келген отбасы мүшелерінің көңілінде толқу бар.

 “Қазіргі көңіл-күйімізді сөзбен айтып жеткізу қиын. Жүрегіміз дүрсілдеп тұр. Бітімгерлер Астанаға жетті деген хабарды естігелі бері қуанышымызда шек жоқ. Жұбайларымыздың халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөніндегі маңызды міндеттерді атқарып келгенін біз де мақтаныш тұтамыз. Барша әскери қызметшілердің отбасыларына амандық тілеймін”, – деп ағынан жарылды 3 сыныпты сержант Қанат Ибраевтың зайыбы Жансая Хамзаева.

Алматыда бітімгердерді ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының командирі подполковник Уәлихан Байкенов қарсы алған. Ол әскери қызметшілерді миссияның сәтті аяқталуымен және туған елге аман-есен оралуымен құттықтап, БҰҰ мандаты шеңберінде тапсырмаларды орындау кезінде көрсеткен жоғары кәсібилігі мен батылдығын атап өтті.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →