Депутаттар жұмыс сапарымен өңірлерде жүр
Өткен аптада Мәжіліс отырысы басталғаннан сәттен сөз алған депутат Ринат Зайытов төраға Ерлан Қошановқа «су тасқыны жайын талқыламаймыз ба?» деп сұрақты төтесінен қойған. Ашылған кітаптың кіріспеден бастап оқылатынындай жиынды хаттамаға сәйкес өткізіп үйреніп қалған Қошановқа Зайытовтың тұтқиыл сұрағы ұнамай қалса керек – жұлып алғандай депутатқа қарата «баратын депутаттар өңірлерде жүр, осы жерде отырып әңгіме айту емес, сондай жұмыс керек» деп мінез таныта жауап берген еді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жиын аяқталарда Қошанов мәжілісмендерге сәт сапар тілеп, өңірлерге салып жіберген. Сол депутаттар қазір барған өңірін көрсетіп, әлеуметтік желіде білгенін бөлісіп жатыр. Кім қайда жүр екен? Бірсыпырасын қысқаша шолып шығайық.
Алдымен, Зайытовтың өзі жайлы
Қошановтан сын естіген Ринат Зайытов өзінің туған өңірі Абай облысында жүр екен. Көкпекті ауданынан бір-екі фотосын әлеуметтік желіде бөліскен ол ұзын-сонар пост жазыпты. Жазбасында депутат елімізде болған төтенше жағдай біраз сабақ бергенін, апаттарға кез-келген уақытта дайын болу керектігін айтады. Абай облысы Ақсуат, Көкпекті аудандарында үлкен зауалдардың алдын алғаны көрініп тұр деп есептейді. Сонда да сөзінше, шығын жоқ емес. Бірақ, салыстырмалы түрде көп кеселден аман.
«Сапар барысында түсінгенім ең бірінші жергілікті басшылық халықты ұйымдастыра білу керек. Орталықтың көмегі көзді ашып-жұмғанша келе салмайды. Абай облысындағы жұрт судың тасуына дайындалғаны көрініп тұр. Соның арқасында бірнеше ауыл іргесіне келген топан суды өз күшімен бұрған. Әрине, басы-қасында жергілікті атқамінерлер жүр. Шіркін, Қазақстанның әр ауданында осындай ұйымшылдық болғанда ғой...» - деп өз өңірін мақтайды ол.
Ринат Зайытов көп жағдайда жергілікті әкімшіліктің қолын жоқтық байлаған жасырмайды. Сонда да көреген халық бірлік танытып, жұмыла әрекет жасаған деп қайта мақтайды.
«Ендігі кезекте топан судан зардап тартқан елдің шығынын уақытылы өтеп, келесі болуы мүмкін апаттарға барынша дайындалу керек. AMANAT партиясы еліміздің түпкір-түпкіріне өз өкілдерін жіберіп, сол нәтижемен тиісті жұмыстарды жүргізуде. Бастысы, қандай сынақ келсе де бірліктің алмайтын белесі жоқ. Осыны ұмытпайық. Ел аман, жұрт тыныш болғай», - деп аяқтайды ол.
«Сіз қайда жүрсіз?»
Депутат Аманжол Әлтаев ашық далада тұрып бір үндеу жариялады. Ақындығы көрініп-ақ тұр – төгілтіп сөйлегенде төрге шығарғың келеді. Бірақ мәжілісменнің парақшасынан қайда жүргенін түсіне алмадық. Туған жері Жезқазғанда ма, әлде Астана шетіне шығып түсіре салды ма – түсініксіз. Атап көрсетпеген копирайтердің де қателігі болуы мүмкін.
«Біздің күшіміз бірлікте! Күш біріктіру арқылы су тасқынымен келген ауыр сынды еңсере аламыз. Су апатынан қорғану, залалын жою мақсатында азаматтарымыз арпалысып жатыр. Жатып алып сын айту оңай, дәл қазір біз үшін мейірімділік пен мақсат бірлігі қымбат!» – деп біреуді мақтап, біреуді сынап өтеді ақын депутат.
Атыраудағы түнгі жұмыстар
Депутат Еділ Жаңбыршин өз жұмысын ертеден көрсете алатын депутаттың бірі. Жұмыс барысын да парақшасына паш етіпті. Мобилограф, копирайтер алдыңғы депутатқа қарағанда бұл кісіге керек емес. Өзі түсіріп, түсіндіріп, топыраққа толған қап қай жерге бөгет болып түсетініне дейін көрсетіп қойған.
«Әділ Жұбановпен бірге жұмыс жүріп жатқан бөгетмаңындағы жұмысшыларға бардық. Атырау белсенділері өздері ұйымдасып, күні-түні жұмыс жасауда. Соколок каналымен Атырау қаласы арасынан тағы бір бөгет тұрғызып жатыр. 20 км жаңа бөгет салу керек. Елді топан судан қорғаймыз деп інілеріміз жанды ортаға салып жүр. Бастап жүрген азаматтар облыстық мәслихат депутаты, Аманат фракциясының жетекшісі Семғалиев Әлібек, кәсіпкер ініміз Қуанышев Әсемғали, Жеток Жаппас, Бисалиев Тыныс, Өтесбаев Айболат және Атыраудың басқа да жігіттері», - дейді ол.
Жаңбыршиннің айтуынша, азаматтар өз ұсыныстарын айтып жатыр.
«Ең бастысы бізге ел келіп кедергі жасамасын, біз солар үшін жұмыс жасап жатырмыз дейді. Әділ де жігіттерді қайрап жатыр “Жігіттер сапа керек, қарайған жұмыс жасап, ертең нәтижесі нөл болмасын” - деп. Арасында әзіл әңгіме айтып інілерін күлдіріп қояды. Қазақтың жігіттері ел басына күн туғанда бас біріктіріп, қимылдауда! Жарайсыңдар бауырлар!» - дейді депутат.
«Үлкен су» жайлы
«ҮЛКЕН СУДЫ» ҚАБЫЛДАУҒА ДАЙЫНДЫҚ ЖАЛҒАСТЫРЫЛУДА» атты пост жазған депутат Дүйсенбай Тұрғанов елдің батысында жүр. Орыстың «большая вода» сөзін топан су деп аударып, бәлеге қалам ба десе керек – тіке аударыпты. Депутат төтенше жағдай жөніндегі штаб мүшелерімен және су мамандарымен бірге Жайық өзенінің жайылмасының үстімен тікұшақпен ұшқан. Мақсат – Атырау қаласына дейін суды тартып, қаладан кейін суды өткізу жолдарын анықтау дейді. Айтуныша, Атырау қаласы, Махамбет (Махамбет, Сарайшық ауылдары) және Индер (Құрылыс, Жарсуат ауылдары) аумақтарында «үлкен суды» қабылдауға дайындық бойынша жүргізіліп жатыр.
«Қажетті шараларды қабылдау үшін «жіңішке орындар» деп аталатындарды анықтау маңызды болды. Жағаны күшейту жұмыстарына атсалысып жатырған тұрғындармен де кездестік. Жарықтандыру, құрал-жабдықтар бойынша көмек сұрайды, оларға бульдозер, экскаватор қажет. Қосымша көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері қатысатын болады. Қазіргі жағдайды бәрі де түсінеді. Бәрі де ұйымшылдықпен, бірлікпен жұмыс істеп жатыр. Ежелгі Сарайшық қалашығын су басу қаупі төніп тұр. Болжам бойынша, Атырауға 20 сәуірде үлкен су келеді деп күтілуде», - дейді Тұрғанов.
Депутаттың сөзінше, оперативтік жағдайға келсе, бүгін Ембі-Ақкиізтоғай өзендерінің гидропостында, су деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалады. Деңгейі 295 см. 4 сағатта ішінде 3 см түскен. Жайық өзенінің гидропосттарында су деңгейі көтеріліп бара. Бұдан әрі деңгейі өсе бермек. «Жалпы, жұмысты жеделдету қажет» деп түйеді депутат.
«Ақшаны бақылау керек»
Депутат Абзал Құспан өз өңірі Батыс Қазақстанда жүр. Депутат БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, төтенше жағдайларды еңсеруге бөлінген қаражаттың қолды болып кететініне назар аударады. Депутат осы салаға жауапты шенеуніктің бірі бірнеше жыл бұрын өз-өзіне қол салғанын айтады. Сол себепті әр өңірдегі белсенді азаматтарды мемлекеттен бөлінетін бюджетті бақылайтын өңірлік комиссияға бірігуге шақырады. Ол комиссияға әкімдіктер мүдделі болуы керек деп есептейді Абзал Құспан.
Абзал Құспанның өзі Алматы мен Тараз қаласы кәсіпкерлерінен келген үш көлік гуманитарлық көмекті Қаратөбеге жеткізіп, эвакуация бекетінде жатқан тұрғындармен кездескен.