Курск облысындағы ахуал
Ресей президенті Владимир Путин Курск облысындағы жағдайға байланысты жедел кеңес өткізді. Ал Украина президенті Владимир Зеленский соғыс қимылдарын Ресей аумағына көшірген Украина әскеріне мақтау айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ресей президенті «жау Ресейдегі ішкі саяси жағдайды шайқау мақсатында шекара аймағындағы жағдайды одан әрі тұрақсыздандыруға тырысады» деп мәлім етті.
Владимир Путин жау өзінің келіссөздегі позициясын жақсартуға, сондай-ақ орыс әскерінің ілгерілеуін бәсеңдетуге тырысып жатқанын атап өтті.
– Басты міндет, әрине, Қорғаныс министрлігінің алдында тұр – жауды біздің аумақтарымыздан ысырып, шекара қызметімен бірлесіп, мемлекеттік шекараның сенімді түрде қорғалуын қамтамасыз ету, - деп Путиннің сөзін келтіреді «Российская газета» басылымы.
Путинге сонымен бірге Украина әскерінің қаншалықты аумаққа терең енгені жөнінде есеп берілді. Курск облысындағы елдімекендер, аудан орталықтары бос қалған. Аймаққа Ресей қорғаныс министрлігінің бөлімшелері қарсыласты ығыстыру үшін жиналып жатыр. Шекара маңындағы ауылдардың тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп, ауылдарға әскерилер шоғырланған.
– Жаудың аумаққа ену тереңдігі - 12 шақырым, ені - 40 шақырым. Оның бақылауында 28 елдімекен бар, - деді Курск облысының басшысы.
Курск облысындағы жағдай: қазірге дейін не белгілі
Украинаның УНИАН басылымы кейінгі мәліметтер бойынша, украин әскерилері Суджа қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 22 шақырым жерде - Гири ауылының маңында байқалған. Бұл Курск майданында Украина әскері ілгерілеп келе жатқанын білдіреді.
Сонымен қатар, БАҚ украин әскері Ресейдің Курск облысында траншея қазып жатыр деп жазады. Бұл – олардың сол жерде қалуды жоспарлап отырғанының белгісі.
Ресей тергеу комитеті Украина тарапының НАТО елдері жеткізген ауыр техника мен қару-жарақты белсенді қолданып жатқанын хабарлады, деп жазады РИА Новости.
Украинаның Қорғаныс стратегиялары орталығының мәліметі бойынша, Ресей әскеріің солтүстіктегі тобы 10-нан 11-ге дейін батальонды майдан шебіне ауыстыруға тырысады. Оның барлығы 4000 әскер.
Украина президенті Владимир Зеленский Украинаның "Еркін армандаушылар" жастар форумында сөз сөйледі.
– Біздің мемлекетіміздің атынан мен уәде бере аламын, ең бастысы: Украина соғыстың қатал жағдайларына қарамастан, соғыс салдарынан жоғалған ұрпақ болмайды. Біз бұл соғысты Украинаға, мемлекетімізге, халқымызға қажет болғандықтан аяқтап, қауіпсіз мемлекетті украин жастарына тапсырамыз, - деп атап өтті Зеленский.
Бұған дейін Владимир Зеленский Ресейдің Курск облысындағы елдің Қарулы күштерінің шабуылына алғаш рет көпшілік алдында түсініктеме беріп, Украинаның бас қолбасшысы Александр Сырский оған "соғысты агрессор аумағына көшіретінін" хабарлағанын атап өткен.
Зеленский украин әскерін мақтап, "Украинаның агрессорға қысым жасау қабілеті қақтығыс динамикасында айтарлықтай өзгеріс болатынын білдіреді" деп атап өтті. Өйткені соғыс қимылдары Ресей аумағына көшкен.