Станцияны кім салады деген сұраққа Роман Скляр түсініктеме берді
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкіметте Қазақстанда АЭС қалай салынатынын айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, заманауи станциялар барлық қажетті қорғаныс құралдарымен жабдықталған және ең аз шығарындылармен жұмыс істейді.
– Бұл барлық қажетті физикалық қорғаныс құралдарымен – энергетикалық, радиологиялық, ең аз шығарындылары бар, шығарындыларды бақылаудың үш еселенген деңгейімен және қандай да бір пайдалану операцияларын жүзеге асыру рәсімдерімен жабдықталған экологиялық қауіпсіз нысан болады, – деді Энергетика министрі.
Брифингте Сәтқалиевтен журналистер атом электр станциясы салынатын ауылға көшуге дайын ба деп сұрады. Бұған жауап ретінде ол құрылыстың барысын бақылау үшін ұзақ іссапарлар күтіп тұрғанын айтты. Оған даяр екенін білдірді.
– Мен ол жерге үнемі баруды жоспарлап отырмын. Электр энергиясының тапшылығын жабу бойынша ұсынылған шешім үшін кәсіби міндеттер мен жауапкершілікті орындау негізінде мен ұзақ іссапарларға дайынмын, лауазымдық нұсқаулықтарыма сәйкес инспекциялар жүргізуге даярмын, – деп толықтырды министр.
Склярдың жауабы
Станцияны кім салады деген сұраққа Роман Скляр түсініктеме берді. Ол мұны ең алдымен консорциум жасайтынын атап өтті. Ресейдің қатысуы санкциялық тәуекелдерді ескере отырып қарастырылатынын мәлімдеді.
– Біз станцияның ең жаңа болуы және онда өз саласында көшбасшы болып табылатын өндіруші елдердің ең жаңа жобалық шешімдері мен технологиялары қолдануына мүдделіміз. Сондықтан шешім алда қабылданады. Арнайы жоба тобы болады. Мүмкін болатын саяси тәуекелдер олардың пайда болу барысында, яғни жобалау процесінде қарастырылады, – дейді ол.
«АЭС-ті Росатом салады»
Қазақстанда АЭС бойынша жалпыұлттық референдумның соңғы нәтижесі шықпай жатып, Ресей бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанға АЭС-ті Росатом салады деген дақпырт таратып жатыр. Мысалы, Absatz.media деп аталатын ресурс “Эксперт: Қазақстан АЭС құрылысына мердігер ретінде Росатомды таңдайды” деген материал шығарған. Мұндай пікір білдірген эксперт – Жаңа қоғам институтының директоры, саясаттанушы делінген Василий Колташов есімді адам.
Василий Колташовтың сөзінше, Росатом пайдасына жасалған таңдау Қазақстанға Батысқа тәуелді болмауға, арзан энергия алуға мүмкіндік береді.
Егер Қазақстан америкалық Westinghouse компаниясын таңдаса, үлкен саяси қиындықтарға тап болады. Ал Ресей мұны жақсы қабылдамайды деп санайды.
– Қазақстан ірі уран қоры бар мемлекет, елге америкалықтардың немесе француздардың кіруі, елдің тыныш экономикалық дамуы мен көрші елдермен, бірінші кезекте Ресей және Қытаймен қажетті экономикалық интеграция жасауы мүмкін болмай қалады. Ерте ме, кеш пе, бәрі өткір сыртқы саяси конфликтке ұласады – дейді саясаттанушы Колташов.
Үкімет не дейді
Үкімет атом электр станциясын салу жөнінде нақты төрт ел – Корея, Ресей, Қытай, Франция елдерінің технологияларын зерделеп жатқанын хабарлаған болатын. Алдағы уақытта нақты талдау жасалып, келіссөздер жүргізілмек.