Уақыт белдеуінің әсерін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалады
Қоғамда бұрынғы уақыт белдеуін қайтару мәселе қайта-қайта көтеріліп жатыр. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев зерттеу жұмыстары наурыз айында аяқталатынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бүгінге дейін алдын ала талдау жүргізілді. Кеше үш министрлік те бұл шешімнің негізделгенін айтты. Олар өз зерттеулерін жүргізген. Біз қоғамда бұл мәселенің өте белсенді талқыланып жатқанын түсінеміз. Мысалы тәуелсіз сарапшылар мен әлеуметтанушылар бұл тақырып бойынша зерттеулер жүргізіп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан мұның жеткілікті болатынына сенеміз. Үкіметке зерттеулерді аяқтап, мәселені нақты және сапалы түрде талқылау қажеттігін айттық», – дейді Елнұр Бейсенбаев.
Айта кетейік, уақыт белдеуінің әсерін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалады. Бұл туралы қараша айында Мәжіліс алаңында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім еткен. Ол қоғамдық сұранысқа байланысты қосымша зерттеулер жүргізуге шешім қабылданғанын айтты. Зерттеуге география, зоология институттары қатысады.Әзірге зерттеудің алгоритмі мен егжей-тегжейі белгісіз.
Естеріңізге сала кетейік, 1 наурызға қараған түні Қазақстан Бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC+5) көшті. Сауда және интеграция министрлігінде уақыт осы мәселе бойынша "қазақстандықтар бірнеше рет жүгінгендіктен" уақытты ауыстыруға шешім қабылдағанын айтқан болатын.
Осыған дейін Үкімет басшысының уақыт белдеуі өзгертілмейтіні жайында айтқанын жазған едік.