×

Алматыда жиналған азаматтар Қаңтар оқиғасының құрбандарына құран бағыштады

Марқұмдардың туыстары кімнің қолынан қаза тапқанын анықтауды талап етті

Алматыда жиналған азаматтар Қаңтар оқиғасының құрбандарына құран бағыштады
Фото: Qaz365.kz

Алматыдағы Республика алаңында бүгін бір топ азамат Қаңтар оқиғасының құрбандарының рухына арнап құран бағыштап, жеті нан (жеті шелпек) таратты. Алаңға екі жыл бұрынғы қанды оқиға кезінде қаза болғандардың туған-туыстары мен азапталған азаматтар да келді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қаңтар оқиғасы осыдан екі жыл бұрын басталып, жаппай наразылық бірнеше қаланы шарпып, 238 адамның өлімімен аяқталған. Оның ішінде 19 марқұм күш құрылымдарының қызметкерлері. Кейін адам құқықтары жөніндегі уәкіл болған Эльмира Әзімова тергеу барысында азаптаудан тағы алты адам көз жұмғанын хабарлаған еді.

Қаңтар оқиғасынан кейін мыңнан аса адам ұсталып, олардың көбі Президент  рақымшылығымен бостандыққа шыққан. Кәрім Мәсімов, Мұрат Бектанов бастаған бірнеше шенеунікке үкім де шығып қойған. Қайрат Құдайберген, Арман Жұмагелдиев бойынша сот істері әлі аяқталған жоқ.

Бүгін Алматыдағы алаңға жиналған азаматтар қанды оқиға кезінде опат болған азаматтардың есімі жазылған плакат алып шықты. Құрбан болғандардың туған-туыстары әлі де тергеудің жүргізілуін, туыстары кімнің қолынан қаза тапқанын анықтауды талап етті.

Жиында белгілі қоғам белсендісі, журналист Рысбек Сәрсенбай, Қаңтар оқиғасы кезінде ауыр жарақат алған Ермек Әбдірешов сөз сөйледі. Рысбек Сәрсенбай Думан Мұхаммедкәрім, Әйгерім Тілеужан, Марат Жыланбаев, Қалас Нұрпейісов пен басқа да белсенділер Қаңтар ақиқатын, өз пікірін айтқаны үшін қамауда отырғанын айтып, оларға бостандық беруді талап етуге шақырды. Алаңға жиналған азаматтар «Біз – террорист емеспіз. БІз – күрескер халықпыз» деп ұрандатты.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында билік транзитіндегі текетірес Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болғанын атап өткен еді

«Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-тал­қа­нын шығара жаздағанын ашық айттым», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында
Мерекелік шаралар қаланың барлық аудандарында өтті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →