×

Досаев жұмысын уақытында бітірмеген мердігерлер үстінен сотқа талап арыз берді

Досаев жұмысын уақытында бітірмеген мердігерлер үстінен сотқа талап арыз берді
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ерболат Досаев тапсыру мерзімі мердігерлік ұйымдардың сапасыз жұмысына байланысты бірнеше рет өзгерген білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аралады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қала басшысы №48 мектеп-лицейге қосымша құрылыс салу жұмыстың барысымен танысты, бұл мектептегі орын санын 260-тан 510-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа асхана, спорт және акт залдарын қосқанда ғимараттың жалпы ауданы 6,5 мың шаршы метр.

Білім ұясы 2021 жылдың 30 маусымында реконструкция үшін жабылған, әу баста нысан 2022 жылдың 30 сәуірінде пайдалануға берілуі керек еді. «Риголит» ЖШС (Алматы қ.) бас мердігерінің кінәсінен жұмысты аяқтау мерзімі үшінші рет өзгерді. Кестеден кешігуге жобалау-сметалық құжаттамаға енгізілген өзгерістер мен сметаны түзету себеп болған. «Каспий маңы құрылыс басқармасы-Шымкент» ЖШС бас жобалаушысы (Шымкент қ.) жобада шатырға арналған материалдарды, дренажды, сыртқы жылу трассасын тартуды ескермеген және жылу мен ыстық суды әлеуметтік маңызды нысанға жеткізу үшін қазандықты реконструкцияламаған.

Былтыр қыркүйек айында Алматы әкімдігі тарапынан жобаны түзетуге байланысты барлық мәселе шешіліп, қажетті қаражат бөлінді. Бірақ «Риголит» ЖШС қажетті ресурстарды жұмылдыра алмады және мектеп құрылысын 2022 жылдың соңына дейін аяқтай алмай, міндеттемелерін орындамады.

Қазіргі таңда бірінші және екінші блоктағы жұмыстар 95%-ға аяқталды, кабинеттер 95%-ға жабдықталды. Үш блок салу, мектеп аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар бітпеді, спорттық жабын, жас топтары бойынша қоршау және т б. орнату қажет.

Ауа-райын ескере отырып, кейбір жұмыстар, соның ішінде абаттандыру көктемге ауыстырылды. 2023 жылдың екінші тоқсанында жұмысты толық аяқтау жоспарланған. Әкім құрылыс басқармасына межелі мерзімнің тағы да өзгермеуіне жол бермеу үшін жұмысты қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Алматы әкімі 760 оқушыға арналған №145 жалпы білім беретін мектепті сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмысымен де танысты. Мектеп 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған және жөндеуді қажет еткен.

Тиісті жұмыс 2021 жылдың тамызында басталды, бастапқыда нысанды 2022 жылдың наурызында пайдалануға беру жоспарланған. Алайда, «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС бас мердігерінің сапасыз жұмысына байланысты мерзімді үшінші рет ауыстырды. Кестеден кеш қалуға жобалау-сметалық құжаттаманың шикілігі (әзірленген жылы – 2020, авторы – «Шебер» компаниясы» ЖШС, Жезқазған қ.) және материалдар мен қызметтердің қазіргі бағаларға сай келмеуі басты себеп болды.

Қазіргі таңда әрлеу, шатырлау, аумақты абаттандыру бітпеген. Нысанды жаңа оқу жылына дейін тапсыру жоспарлануда. Ерболат Досаев кезекті мерзім созылған жағдайда мердігерді сотқа беруді тапсырды.

«Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС тағы бір жоба – «Балалар шұғыл медициналық көмек орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны үшін операциялық блогы бар қабылдау бөлімі ғимаратын салумен айналысты. Бұл жұмыс 2021 жылдың тамызында басталды, келісім-шартқа сәйкес былтыр желтоқсанында аяқталу керек еді. Алайда «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС-нің сапасыз жұмыс салдарынан әлеуметтік маңызды нысанды уақытында тапсырылған жоқ.

Соның нәтижесінде қала әкімдігі жұмыс қарқынын жеделдету үшін бірқатар ұйымдастырушылық шара қабылдады, қосымша жұмыс күші мен техника жұмылдырылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жалғастыру үшін «Атрикс Строй» ЖШС қосалқы мердігерлік ұйымы тартылды. Ерболат Досаев құрылыс басқармасына межелі мерзімде орындауды жіті бақылауда ұстауды және «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС компаниясының жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тексеруді тапсырды.

Қала әкімі №2 Алматы мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық колледжінің ғимаратындағы қосымша құрылыс жобасымен де танысты. Салынып жатқан ғимаратта 300 орындық оқу ғимараты, 129 орындық акт залы және 84 орындық асхана болады. Қазіргі ғимарат 60 жыл бұрын салынған. Бүгінде 410 орындық колледжде 1042 студент оқиды.

Бастапқы жоба бойынша іргелес стадион аумағында жеке ғимарат салу көзделген. Жобаны талқылау барысында әкімдік жергілікті тұрғындардың талабын ескеріп, жасыл аймақ пен спорт нысанын сақтау мақсатында қолданыстағы колледж ғимаратына қосымша құрылыс салу мәселесі қаралды. Құрылыс басқармасы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кірісті. Жоба футбол, баскетбол, волейбол алаңы, воркаут-аймақтар мен балалар алаңдары орналасатын стадионды жаңғыртуды көздейді. Бас жобалаушы «ДИАС Проект» ЖШС, құрылыс 2023 жылғы шілдеде басталады.

Ерболат Досаев құрылыс басқармасына қаңтар айының соңына дейін тұрғындардың пікірі мен ұсынысын ескере отырып, эскиздік жобаны қала құрылысы және урбанистика басқармасымен келісуді, сонымен қатар барлық жасыл желекті колледж аумағынан көшіруді және сақтауды тапсырды.

Нысандарды аралау барысында қала басшысына № 9 мектеп-интернатқа қосымша құрылыс жұмыстары көрсетілді. Жобалық қуаты 220 орындық оқу ордасында 328 бала оқиды. Салынып жатқан ғимаратта оқу ғимараты мен асхана орын тебеді.

Бас мердігер – «Barat & Co» ЖШС (Шымкент қ.). Компания құрылыс-монтаж жұмыстарын 2021 жылғы 20 шілдеде бастады, алғашында нысан өткен жылдың қаңтарында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Сол кезден бастап бұл  мерзім екі рет өзгерді.

2020 жылғы жоба құрылыс материалының қымбаттауына байланысты қазіргі бағаларға сәйкестендіріп, түзетуге бағытталған. Мұны ескере отырып, «BARAT & CO» ЖШС құрылысты былтыр жыл соңына дейін аяқтауы тиіс еді, себебі құрылыс басқармасына тапсырыс беруші құрылысқа арналған барлық рәсімді орындады, қажетті қаражат бөлінді. Желтоқсан айында «Barat & Co» ЖШС мердігерлік ұйымына қатысты ұзартылған мерзімді бұзғаны үшін сотқа талап арыз берілді. Компанияның кінәсінен мектеп-интернат төртінші жыл жұмыс істемейді, оқушылар басқа оқу орындарында уақытша оқуға мәжбүр.

Нысанды аралау барысында Ерболат Досаев құрылыс-монтаж жұмыстарында, оның ішінде ішкі есіктің және т.б. материалдың сапасыздығы туралы ескерту жасады. Абаттандыру жұмыстарын ескере отырып, нысанды биылғы жылдың мамыр айында тапсыру жоспарланып отыр, оқушылар оқу жылының басынан қайта қабылданады.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша қала әкімі тиісті басқармаға құрылыс қарқынын жеделдетуді, құрылыс жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасына, сонымен бірге, әлеуметтік нысандарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге баса назар аударуды тапсырды.

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →