×

Абай облысында ауылшаруашылығы саласының дамуы мақсатқа сай

Облыстағы аграрлық мәселелер қалай шешілуде

Абай облысында ауылшаруашылығы саласының дамуы мақсатқа сай
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы саласын дамытудың маңыздылығы мен өзекті мәселелері жайында үнемі айтып келеді. Президент өткен жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында аграрлық саланы өркендету жайына тағы да кеңінен тоқталғаны мәлім, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы.
Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осы орайда, зерделей сараптасақ, Абай облысында ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру, аграрлық саланы дамыту бағытындағы жұмыстарды ширату бағытында ілгерілеушілік бар екендігін баса айтуға болады.

Абай облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша осы саладағы өнімнің жалпы шығарылымы 535,2 млрд теңгеден асқан. Бұл ауылшаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 103,5% мөлшерінде қалыптасқандығын көрсетеді. 
2023 жылдың қорытындысы бойынша салаға 78,5 млрд. теңгеге инвестиция салынған. Яғни, 2022 жылғы деңгейден 38,8 млрд. теңгеге немесе екі есе артық деуге болады. Барлық ет пен сүт өнімдерін алу 102,0% -ға (104,0 мың тонна) және 104,0% -ға  (596,4 мың тонна) өскен.

Солтүстік Қазақстан облысының үлгісіндегі төрт бағытқа басымдық берілген.

Президент өткен жылғы жоғарыда айтылған Жолдауында аграрлық саласы алға басқан Солтүстік Қазақстан облысының ет, сүт, астық өндіруде қол жеткізіп отырған жетістіктерін өзге өңірлерге үлгі еткен болатын. 

Абай облысы ауылшаруашылығы басшысының орынбасар Мирас Тоқтархановтың айтуынша, ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламалары аясында сүт тауарлы фермасы, құс фабрикасы, суармалы жерлерді ұлғайту, көкөніс сақтайтын кәсіпорындар ашу сияқты төрт бағытты дамыту жоспарланып отыр. 

«Абай облысы негізінен мал шаруашылығына негізделгенімен, сүт тауарлы фермаларын, құс фабрикаларын дамытуға да қолайлы. Бізге жүктелген ең басты тапсырма облыста сүт өндірісін ұлғайту, яғни, көрші елдерден сүт өнімдерін сатып алу импортын төмендету. Сол тұрғыда 2 млрд теңге сүт өндірісін дамытуға, яғни, сүт тауарлы фермалар салуға бағыттадық. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнім көлемін ұлғайту мақсатында АӨК-те ірі  инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы бойынша 2023 жылы  2,0 млрд.теңге бөлінді, олар 2 сүт-тауар фермасын  несиелеуге бағытталған. Ағымдағы жылы осы бағдарлама бойынша суармалы егіншілікті (жем-шөппен қамтамасыз ету) ұлғайту үшін заманауи су үнемдеу технологияларын (жаңбырлату, тамшылатып суару) қолдану жобаларына 6 млрд. теңге көлемінде несие бағытталмақ. Жалпы, Абай облысы бойынша ауылшаруашылығы саласының барлық бағыттары бойынша ілгерілеушілік бар»,- дейді Мирас Маратұлы.  

«Ауыл аманатының» оң өзгерістері Президент тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызы қырдағы жұрттың да көкейіндегі ойды тап басқандығы қуантады. Жеңілдетілген несие беруден бөлек, жеке қосалқы шаруашылық иелерінің өзара бірігіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білсе, ауылды жерлердің жаңаша түлеуіне кеңінен жол ашылмақ. Бұған әрине, қажетті жағдай жасалуға тиіс.
Абай облысында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 2,06 млрд. теңге сомасына 363 жеңілдетілген несие берілді. Бұл сома мал шаруашылығы жобаларына жұмсалды. 

Агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту үшін ағымдағы жылға іс-шаралар барысы да назарда. Нақтылап айтсақ, жалпы сипаттағы жеткізілген трансферттер шеңберінде АӨК-ні 17,5 млрд. теңге субсидиялау, 6 млрд. теңге көлемінде макронесиелер беру (ағымдағы жылы осы бағдарлама бойынша суармалы егіншілікті (жемшөп өндірісі) ұлғайту үшін заманауи су үнемдеу технологияларын яғни, жаңбырлату, тамшылатып суару тәсілдерін пайдалана отырып жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.

Ал, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 1,1 млрд. теңге сомасында одан әрі шағын несиелеу ба,ытталатын болады. Сол негізде 280 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік қарастырылған.

Сәтжан Қасымжанұлы,
Абай облысы

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →