Аймақта кәсіпорын технологтары ойлап шығарған авторлық шұжықтар өндірілуде
Шығыс Қазақстан облысындағы шұжық өндірісі соңғы жылдары қарқынды дамып, аймақтағы ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің маңызды салаларының біріне айналған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Өңірдің табиғи жағдайлары мен ауыл шаруашылығының мүмкіндіктері шұжық өндірісінің дамуына ықпал етіп, сапалы және әр түрлі өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.
Осыған орай, облыста заманауи технологиялар мен жоғары сапалы құрал-жабдықтарды қолданатын кәсіпорындар ашылып, өндіріс көлемі артуда.
Солардың бірі – Өскемен қаласында «Alex» және «Мереке» тауарлық маркісімен өндірілетін шұжық өнімдері.
Мұндағы өндірістің дамуы тек көлемінің артуымен ғана емес, сонымен қатар өнімнің сапасы мен түрлерінің сан алуандығымен де ерекшеленеді.
«Біз «Даму» бағдарламасымен жұмыс істейміз. Отандық өнім өндіретін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Цех ашылғаннан бері жеңілдетілген несие алып, жұмысымызды жүргізіп отырмыз. Өндіріс орнында 20 адам еңбек етеді, 40 түрлі шұжық және ет өнімдерін шығарамыз», – дейді кәсіпорын басшысы Алексей Щедрин.
Атап айтсақ, ысталған, қақталған шұжық, деликатес, шошқа еті қосылмай, тек сиыр мен құс етінен, табиғи ингредиенттермен жасалған өнімдер ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие болуда. Мұнда кәсіпорынның өз технологтары ойлап шығарған авторлық шұжықтар да өндіріледі.
Өнімдер негізінен облыс тұтынушыларын қамтып отыр, сонымен қатар Қарағанды, Павлодар қалаларына да жіберіледі.
Сату бөлімінің басшысы Галина Пархоменконың сөзінше, еңбеккерлердің жалақысы мен заңда көзделген барлық әлеуметтік төлемдер дер кезінде төленеді.
«Alex» және «Мереке» тауарлық маркісінің өнімдері 2023 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған отандық өндірушілердің «Ұлттық өнім» көрмесі аясындағы «Халық таңдауы» байқауында «Ең үздік жартылай ысталған шұжық» аталымы бойынша жеңімпаз атанған.
Кәсіпорын қосымша заманауи құрал-жабдықтар алып, өндіріс көлемі мен жұмыс орындарының санын арттыруды, сонымен қатар биылдан бастап шұжық өнімдерімен қатар, манты, түшпара сияқты жартылай дайын өнімдер шығаруды көздеп отыр.
Жоғары сапалы өнімдер мен автоматтандырылған жаңа технологиялардың енгізілуі бұл саланың болашағына үлкен үміт береді. Сонымен қатар, ішкі нарықтың кеңеюі облыс экономикасына қосымша табыс әкеліп, шұжық өндірісінің еліміздің азық-түлік нарығындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.