×

«Агробанк ашсақ ҚазАгроПромбанк секілді банкрот болады»: Сүлейменов Дайрабаевты неге қолдамады

Ұлттық банк «Ауыл» партиясының өкілі Жигули Дайрабаевтың «Агробанк ашайық» деген бастамасына жауап берді

«Агробанк ашсақ ҚазАгроПромбанк секілді банкрот болады»: Сүлейменов Дайрабаевты неге қолдамады
Qaz365.kz коллажы

Ұлттық банк «Ауыл» партиясының өкілі Жигули Дайрабаевтың «Агробанк ашайық» деген бастамасына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Мәжілістің қазіргі құрамы шынында да, алдыңғы құрамнан қарағанда белсендірек. Министрлерді түрлі сұрақпен терлетіп, үкімет басшысына ең көп сауал жолдап жатқандар да осы құрам. Сол сауалдардың бірін осыдан бір ай бұрын Жигули Дайрабаев бастаған Ауыл партиясы Ұлттық банкке жаңадан барған Тимур Сүлейменовке жолдаған. Сауалда Дайрабаев бұған дейін Агробанк құру туралы ұсыныс жолдағанын, алайда Үкімет пен Ұлттық банк бір-бірінің аузына түкіргендей «Агробанк құрылатын болса, ол тиімсіз жұмыс істейді жəне бюджеттен тұрақты түрде ақша бөлінуін талап етеді» деп жауап қайтарған.
 
Дайрабаевтың уәжі неде?

«Сонда, «Отбасы банкі», «Қазақстан даму банкі» де мемлекеттің қолдауынсыз жұмыс істеп отырғаны ма?  Баспана аламын деген азаматтарға бюджет тарапынан сыйақы беріледі, «Қазақстан даму банкінің» жобаларына да мемлекеттен тікелей қаржы бөлінеді.  Сонда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін аграрлы сала үшін құрылатын агробанктің маңызы аталған екеуінен кем болғаны ма?» - дейді Ауыл партиясының өкілі.

Жигули Дайрабаев «алған бетімізден қайтпаймыз» деп, Агробанктің ауыл шаруашылығына керек екенін, оның тиімді екенін əлі де дəлелдейтінін мәлімдеген. Осы орайда, елге шақырылатын 3 халықаралық қаржы мекемелерінің бірі аграрлық бағытта болуы керектігін айтысқан. 

Мысалы, халықаралық тəжірбиеге сүйенсек Францияда «Credit Agricoi», Беларуста «Белагропромбанк», Ресейде «Россельхозбанк», Қытайда «Agrocultura Bank of China», Өзбекістанда «Агробанк» жəне басқада елдерде салалық аграрлық банк жұмыс істейді. Бірақ, ескеретін жайт бар: ол кепілдікке беріліп жатқан жер ресурстарының талаң-таражға түспеуін жəне барлық рəсімдеу үрдістерінің ашық түрде жүргізілуін қамтамасыз ету. Осыған қатысты Үкімет пен Ұлттық банкінің нақты ұстанымы қажет. 

Сүлейменов не деп жауап берді

Ауыл партиясының сауалына жауап берген Ұлттық банк басшысы елде 1991 жылдан бастап агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 10-нан астам мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын атап өтеді. Ал қолданыста 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес АӨК-де субсидиялау 12 бағыт бойынша және 51 түрі бойынша жүзеге асырылады. Барлығы 7 жыл ішінде жалпы жобаларға 1 трлн теңгеге дейін бөлу жоспарланып отыр.

«Мемлекеттің агроөнеркәсіптік секторды қаржыландыруды даму институттары арқылы жүзеге асыратынын ескере отырып, аграрлық банк олардың кредиттеу бөлігіндегі функцияларын қайталайтын болады. Бұл ретте мамандандырылған банкті құру ауыл шаруашылығы саласының өзіне тән проблемаларына байланысты тәуекелдердің, оның ішінде кредиттік тәуекелдердің (кредиттердің қайтарылмауы) шоғырлануына алып келеді», - дейді жауабында Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында ауа-райына байланысты тәуекел көп. Бәсекеге қабілеттілік аз, техникалық және технологиялық жарақтандыру, еңбек өнімділігі және цифрландыру деңгейі төмен. Қарыз алушыларда кепілмен қамтамасыз етудің, олардың төлем қабілеттілігін растайтын қаржылық есептіліктің болмауынан ауыл шаруашылығы саласын несиелеу қиынға түседі. 

«Агробанк қызметі шығынға ұшыраған және ол таратылған жағдайда, ең алдымен банктің салымшылары болып табылатын азаматтар зардап шегеді. Қазақстанның қаржы жүйесінің қалыптасу тарихында ауыл шаруашылығы саласын кредиттеуге мамандандырылған қаржы институттарын құру жағдайлары болды, бірақ олар ұзаққа бармады. Мысалы, 2000 жылы «ҚазАгроПромбанк» АҚ сенімсіз кредиттер үлесінің көп болуы салдарынан қызметінің шығынға ұшырауына байланысты, банкрот болды. Банктің қарыз алушыларының едәуір үлесін шаруа қожалықтары құрады. «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі де теріс қаржылық нәтиже көрсетті, оның негізгі мақсаты АӨК-ні мемлекеттік қаражат есебінен үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз ету болды. «ҚазАгро» холдингінің жұмыс істеген соңғы 4 жыл ішінде жинақталған шығын мөлшері тұрақты түрде ұлғайды», - дейді Сүлейменов.

Шетелдік агробанкті кіргізу туралы ұсынысқа Ұлттық банк басшысы Қазақстанның банк заңнамасы шетелдік банктердің қаржы нарығына шығу қолжетімділігін шектемейтінін, шетелдік банктер Қазақстан аумағында филиалдарын немесе еншілес банктерді ашуға құқылы екенін ескертеді. Ал банктердің сыйақы мөлшерлемелерін және комиссияларын, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер өзі белгілейді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Жергілікті қор нарығының проблемасы қандай?
02.05.2024ж. 10:10

Жергілікті қор нарығының проблемасы қандай?

Кездейсоқтық па әлде басқа ма, әйтеуір біз қазақстандық инвест банктер өзін жақсы сезінетінін байқаймыз
Компанияның барлық құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері қаланы қоқыстан тазарту үшін сенбілікке шықты

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →