×

Ермек Тұрсынов 500 млн теңге алып түсірген киносын әлі көрсетпеген –  министрлік

Министрлік режиссерлердің көбі фестивальдар мен конкурстарға арнап фильмдер түсіреді немесе авторлық кино дайындайды дейді.

Ермек Тұрсынов 500 млн теңге алып түсірген киносын әлі көрсетпеген –  министрлік
Фото: Серикжан Ковланбаев

Мәдениет және ақпарат министрлігі жүргізген талдау нәтижесі бойынша, киногерлердің дені сапалы өнім шығаруға және оны насихаттауға мүдделі емес, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Ұлттық киноны қолдау орталығы» мемлекеттік қаржылай қолдау беру үшін ашық конкурстар ұйымдастырып, оларды іріктеумен айналысады.


«Кино орталығы жұмыс істеген 5 жыл ішінде 103 жобаға қаржы бөлінген, жалпы  құны 19 миллиард теңге тұратын түрлі жанрда 98 фильм түсірілді. Оның ішінде 42 көркем, 23 деректі, 25 қысқаметражды, 8 анимациялық фильм бар. Кинотеатрларға, телевизиялық және онлайн прокатқа тек 23 картина шыққан (көркем фильм – 20, деректі фильм – 3). 2023 жылға дейін түсірілген 27 фильм биыл көрсетілмек», – делінген хабарламада. 


Министрлік режиссерлердің көбі фестивальдар мен конкурстарға арнап фильмдер түсіреді немесе авторлық кино дайындайды. Осылайша өздерінің жеке шығармашылық амбицияларына басымдық беріп, көпшілік аудитория сұранысын ұмытып кетіп жатады. Кассалық жинақ көлемі небәрі 1,5 миллиард теңгеге жеткен, бұл ұлттық фильмдер прокатының төмендігін айқын көрсеткенін мәлім етті. 
 

«Қазақстандық көрерменнің әлі күнге дейін кей картиналарды көрмеуінің басты себебі – өндірушілер мен авторлардың прокатқа шығаруға деген ниетінің жоқтығы.  Өйткені олар өз қаламақысын жоба барысында-ақ алып қойған.  Мәселен «Тұрсыновфильм» ЖШС жетекшісі режиссер, жазушы Ермек Тұрсынов 2019 жылдан 2021 жылға дейін «Бесмойнақ»  толықметражды көркем фильмін шығаруға 500 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қаржы алды. Бірақ көрермен фильмді осы уақытқа дейін көрген жоқ”, – дейді министрлік хабарламасында. 

«Бату. Тарихи детектив» атты кинорежиссер Рашид Нұғмановтың киносына 192 миллион теңге бөлінген. Жоба 2021 жылы аяқталған, бірақ қалың көрермен бұл фильммен де таныс емес екен.
Кинорежиссер Дамир Манабайдың «Тырналар» жобасы 422 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды.
Режиссер Ардақ Әмірқұловтың «Хирург» фильмін шығаруға 239 млн теңге бөлінді, кинотеатрлардағы кассалық жинақ 1,1 миллион теңге болды.
Режиссер Ақан Сатаевтың «Боксер» фильмін қаржыландыру 900 млн теңгені құрады, кинопрокаттан жинағаны  25 миллион теңгеден аспады.
Режиссер Эмир Байғазиннің «Жизнь» картинасына 500 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қаржы бөлінді, фильм прокатта 650 мың теңге жинады.
Режиссер Бекболат Шекеровтың «Лето 1941-го года» көркем фильмін түсіруге 697 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Кассада туынды тек 40,6 миллион теңге тапты.
Режиссер Ернар Нұрғалиевтің де «На старте» фильмі осындай. Мемлекеттен 468,5 миллион теңге бөлінді, прокатта бар болғаны 15,5 миллион теңге немесе бюджеттің 3,3%-ын жинады.                            
Режиссер Фархат Шариповтың «Схема» картинасы небәрі 21,8 млн теңге жинай алды, ал оны өндіруге 300 млн теңге бөлінді.
340 млн теңгеге түсірілген «Бүркіт» фильмі небәрі 254 мың теңге жинады.
Жобаларды іске асыру үшін мемлекет бөлетін сомаға 10% мөлшерде режиссерлердің гонорары да төленгенін қоса кеткен жөн.

«Жеке кинокомпаниялар өздерінің кинокартиналарын одан әрі прокатқа шығару мен тарату мәселесіне бей-жай қарайды, бірақ басқа жобалар арқылы кино орталығының ашық конкурстарына қатысуды жалғастыруда және мемлекеттік қолдауға ие болып жатыр. Байқаудан өтпеген жағдайда олар наразылық көрсетіп, жобаларды таңдаудағы объективтілік пен ашықтыққа күмән келтіреді, кинематографистерді митингке шығарамын деп қорқыту арқылы  конкурс нәтижесін өз жағына бұрғысы келеді», – делінген зерттеу қорытындысында. 

Дәл осындай жағдай мультипликация және анимация саласында да байқалады. 2019 жылдан бері жасалған анимациялық фильмдердің ешқайсысы қазақстандық көрерменге әлі күнге ұсынылған жоқ. Мәселен, «ADAY Production» ЖШС-ның «Кенже қыз» туындысына 232,8 миллион теңге бөлінген, «Ырысы Ақ Қазақстан» ЖШС таспалаған «Караван историй» мультфильміне 213,9 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілсе, «Dala Animation» ЖШС-ның «Бесік жырына» 32,4 миллион теңге берілген.
Осыған байланысты ведомство осы индустрияны дамыту тәсілдерін өзгерту және кинематографистерге қолдау көрсету шарттарын қайта қарау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ конкурстық іріктеу кезінде фильм авторлары мен кинокомпаниялардың көрерменге көрсетілген жобасының сапасы мен нәтижесі ескерілетін болады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Астана төрінде Мұхтар Әуезовтің ескерткіші ашылды
28.09.2024ж. 14:20

Астана төрінде Мұхтар Әуезовтің ескерткіші ашылды

Еңселі ескерткіш Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының алдындағы алаңда орнатылды
9 қыркүйектен бастап, фильм еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіле бастады
Жақында әнші Euronews басылымына эксклюзивті сұхбат берді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →