×

"Қабырғалардың бояуы опырылып түсіп жатыр": Зәкиева Түркістан облысындағы лагерь туралы айтты

Түлкібас ауданындағы лагерь қоғамда резонанс тудырған болатын

"Қабырғалардың бояуы опырылып түсіп жатыр": Зәкиева Түркістан облысындағы лагерь туралы айтты
Коллаж: Qaz365.kz

«Балаларға ашып кеткен тамақ берген» деп қоғамда резонанс турдырған Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы лагерьге қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол видеодағы жағдайды өз көзіммен көріп, тексеру үшін сол ауданға барып келген.

«Қазір лагерде ауысым басында болған 600 баланың 190-ы ғана қалған екен. Қалғанын ата-аналары үйге алып кеткен. Балалар лагерді өздері көрсетіп шықты. Бағдарлама, тәрбиешілер және бұл жерде өткізген уақыттары ұнап жатыр дейді. Бірақ лагерде балаларға дұрыс жағдай жасалмаған. Ұйымдастырушылар жалға алып, балаларға қызмет көрсетіп жатқан ғимараттары өте ескі. Жөндеу жұмыстарының өзі көптен жүргізілмеген сияқты. Қабырғалардың бояуы опырылып түсіп жатыр, бөлмелерде 12 кереуеттен, бәрі ескі. Барлығы тозған күйде», – дейді Динара Зәкиева. 

Ол  лагерьдің ас үйінде кейбір азық-түлік сақтау нормалары да сақталмағанын айтып отыр. 

«Дәретханалары далада, қазіргі жағдайы нашар. Оны ғимараттың ішінде салуға да болушы еді. Бассейн мүлдем жұмыс істемейді, әкімшілік оны тазалап жатырмыз деп отыр. Дегенмен жөндеуді талап етеді. Мемлекеттік органдар бұл лагерде тексеріс жүргізіп жатыр.Мұндай мәселе неліктен туындайды? Мысалы, Түркістан облысында тек 6 мемлекеттік лагерь бар. Жазғы демалыспен көбірек баланы қамту үшін әкімдіктер жеке меншік лагерлерге мемлекеттік тапсырыс береді. Ал қазір бұның бірыңғай тәсіл, ереже, стандарттары мен талаптары жоқ. Сондықтан алдымен заңды өзгерту керек», –  дейді уәкіл.

Ол бірінші кезекте бірыңғай ережелер мен талаптарды енгізу керек деп отыр. Екіншіден, лагерлер ашылғандары туралы мемлекеттік органдарды хабардар ету тиіс деп санайды. Себебі қазір лагерді ашу үшін тек Төтенше жағдайлар басқармасы мен СЭС-тен рұқсат алу жеткілікті екен. Осылайша, лагерді кез келген мекеме ашып жүрген көрінеді. 

«Сайрам ауданындағы мемлекеттік лагерлердің біріне де барып келдік. Ондағы жағдай сәл жақсырақ, дегенмен дәретхана мен бассейн онда да қорқынышты күйде. Дәретхана тағы да далада. Мұның бәрін әкімдік өкілдеріне жеткіздік. Сонымен қатар, Төлеби ауданында орналасқан ЕҚБ балаларға арналған МӘМ-ге де барып келдік.Жалпы, елімізде 120 мемлекеттік, 98 жеке меншік лагерь, 900 шатырлы, 9,5 мың мектеп жанындағы лагерь бар. Әріптестеріммен бірге енді барлық лагерді тексеріп шығуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ әкімдіктермен мемлекеттік лагерлердің бәрінде жөндеу жұмыстарын жүргізуді пысықтағымыз келеді», - дейді Динара Зәкиева.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Еңбекші ауылындағы лагерьде шу шыққан. Балалар мен ата-аналар  лагерьде балаларға берілген тамақтары ашып кеткен, нандары қатып қалғанын айтқан еді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →