Халықаралық олимпиада биыл отыз бірінші рет ұйымдастырылды
Шілде айында бір топ қазақстандық оқушылар Саха Республикасында (Якутия) математика, информатика, физика және химия пәндері бойынша өткен халықаралық "Туймаада" олимпиадасына қатысып, жүлделі оралған еді. Солардың қатарында семейлік оқушы Әкежан Асқар ең жоғары ұпай жинап, информатика пәні бойынша халықаралық білім додасының абсолютті жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Зияткер оқушы Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алады.
Оның айтуынша, информатика пәніне деген қызығушылық пен техника тілін меңгеруге дайындық 8 сыныптан бастау алған.
"Аз уақыт дайындалғаныма қарамастан 9 сынып оқып жүргенімде республикалық олимпиаданың желілік кезеңінде екінші орын иелендім. Алайда, республикалық кезеңге өте алмадым. Бұл мен үшін жаңа белесті бағындыруға үлкен серпіліс болды. Осыдан кейін дайындықтарға білек сыбана кірістім. 2023-2024 оқу жылында Халықаралық Жәутіков және Еуразиялық олимпиадаларында күміс жүлдегер атандым. Әрі қарай республикалық сайыста да үздіктер қатарынан көрініп, нәтижесінде Халықаралық «Туймаада» олимпиадасына мектеп абыройын қорғауға мүмкіндік алған болатынмын", - дейді Әкежан Асқар.
Айта кетейік, халықаралық олимпиада биыл отыз бірінші рет ұйымдастырылуда. Білім додасында Ресей, Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан, Румыния және Индонезия мемлекетінің түкпір-түкпірінен жиналған 234 дарынды оқушы бақ сынады.