×

"Қиын күндерде қасымыздан табылған": қазақстандық құтқарушылар елге оралады

Құтқарушыларды бауырлас түрік халқы алғыс айтып, зор құрметпен шығарып салды.

"Қиын күндерде қасымыздан табылған": қазақстандық құтқарушылар елге оралады
Күнсая Құрмет

Бүгін кешке Түркиядағы жұмысын аяқтаған қазақстандық құтқарушылардың алғашқы легі елге оралмақ. Құтқарушыларды бауырлас түрік халқы алғыс айтып, зор құрметпен шығарып салды, деп хабарлайды Qaz365.kz .

"Жібек жолы" арнасының тілшісі Күнсая Құрметтің салтанатты шарадан түсірген мына фотосуретінде "Қиын күндерде қасымыздан табылған қазақ бауырларымызға рахмет айтамыз" деп жазылған. 

ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрахим Күлшімбаевтың айтуынша, олар алапат зілзаладан соң Түркияда 10 күн бойы іздеу-құтқару шараларын жүргізді.
Алдымен Нұрдағы қаласындағы 35 құтқарушы өздеріне тапсырылған учаскеде барлық жұмыстарды бітірді. Үш адамды үйінділер астынан алып шықты. 
Одан кейін Газиантеп қаласындағы құтқарушы топ та жұмысын аяқтап, техникалары мен құрал-саймандарын жиыстырды. 
Он күн ішінде біздің құтқарушылар 8 адамды үйінді астынан алып шықты. Газиантеп қаласында құрылған жылжымалы аурухана да жиналды. Дәрігерлеріміз осы күндері 140 жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсетті. Оның он жетісі - бала. Бүгін кешке құтқарушыларымыздың алғашқы легі елге орала бастайды.

«Берілген тапсырмаларды орындап, жұмыстарды аяқтап жатырмыз. Қолымыздан келгенше күшіміздің бәрін салдық. Құтқарушыларымыз күн-түн демей, кезекшілікке бөлініп, жұмыс істеп жатыр. Өте қауіпті жұмыс екенін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Басқа мемлекеттердің, осы түрік елінің құтқарушыларының да жарақат алғанын көріп жатырсыздар. Тәртіптің арқасында осы жұмысты аман-есен аяқтап жатырмыз», - деді вице-министр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →