×

«Масс-медиа» туралы жаңа заң журналистердің бағы ма, соры ма

Депутаттар мен сарапшылар өз пікірін білдірді

«Масс-медиа» туралы жаңа заң журналистердің бағы ма, соры ма
yandex.kz

Елімізде «Масс-медиа» туралы жаңа заң әзірленген еді. Бүгін заңды дайындаған Ақпарат және қоғамдық даму минстрлігі Мәжілістегі комитет отырысында таныстырды. Депутаттар мен сарапшылар өз пікірін білдірді, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Вице-министр Қанат Ысқақов жаңа заңда бірнеше бағыт қамтылғанын айтты. Ең алдымен, БАҚ өкілдерінің мәртебесіне мән бердік деп отыр.

«Соның ішінде – шектеу мерзімін белгілеу. Бұл өте маңызды норма, өйткені қазіргі таңда бұл шектеу мерзімі жоқ. Яғни 10-20 жылдан кейін кейбір азаматтарымыз кей БАҚ өкілдерін сотқа беруге құқығы бар. Бұл норма енді үш жылға дейін шектеледі. Бұл өз кезегінде БАҚ-қа қатысты жұмыстарға үлкен кедергі болып отыр. Осы норманы қабылдасақ, БАҚ саласының әрі қарай дамуына серпін берері сөзсіз», – деді Қанат Ысқақов.

Ол БАҚ өтініштерін қарау мерзімін 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылатынын айтты. Бұл ереже журналистерге қажет ақпаратты қысқа мерзімде алуға және жедел ақпарат таратуға серпін береді деп отыр. Ал баспасөз картасы ешбір журналистің ақпарат алуына кедергі жасамайды деп санайды.

Бұған  «Media Net» халықаралық журналистика орталығы директорының орынбасары Думан Смақов келіспеді. 

«Осы заңның 25-бабы  бірінші тармағында журналистердің ерекше статусы жайлы айтылады. Өзім де журналиспін. Журналист үшін ерекше статус деген – ең бірінші объективті ақпаратты шынайы түрде жеткізу және сол ақпаратты жеткізе отырып, азаматтардың кері байланысын алу. Халық пен билік арасына көпір болу. Журналистерге ерекше статус беру арқылы басқа мамандықты алалап, болашақта барлық мамандыққа ерекше статус берсек, онда ерекше статустың не мағынасы не мәні қалады?» –  дейді Думан Смақов. 

«Әділсөз» қоғамдық қорының өкілі Қарлығаш Жаманқұлова журналистердің қауіпсіздігі мен сөз бостандығына қатысты сөз бостандығы бойынша омбудсмен институтын құру қажет деп айтты.

«Бұл орган ұлттық баяндаманы ұсынуы керек. «Құрғақ жерде шөп өспейді». Шектеу мен қысым көп жерде инновациялық идея дамымайды. Барлығымыз қазір анонимдік телеграм каналдарының көбейгеніне алаңдаймыз. Журналистиканың деңгейі мен дәрежесі төмендеді деп күйзелеміз. Ал осы жағдайлардың барлығы БАҚ-қа қолданған шамадан тыс шектеулердің нәтижесінде болғанын мойындағымыз келмейді», –  дейді Қарлығаш Жаманқұлова.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →