×

«49 жас ер азаматтар үшін қауіпті». Этнограф мүшел жас туралы айтты

Қазақ мүшел жасты «қатерлі жас», «қауіпті кезең» деп есептеген

«49 жас ер азаматтар үшін қауіпті». Этнограф мүшел жас туралы айтты
Ашық дереккөздерден

49 жас ер азаматтар үшін қауіпті. Бұл туралы жазушы-этнограф Болат Бопайұлы Qaz365.kz тілшісіне айтып берді. 

Ол қазақ халқы мүшел жасты қатерлі кезең деп санаған. Сондықтан мүшел жастағы қауіп-қатерден сақтану үшін түрлі ырымдары да болған деп отыр. 

«Қазақ халқы мүшел жасқа қауіппен қараған. Қазақ мүшел жасты «қатерлі жас», «қауіпті кезең» деп есептеген.  Мысалы, өсімдіктің ішінде қамыстар буыннан тұрады ғой. Жел соққанда буыннан сынады. Ағаштарда дәл солай. Сол сияқты адамның да буын жасы есептелінеді. Бір буын өмір, екі буын өмір деген сияқты.  Алғашқы жасы 13 жас болады,  тақпен есептелінеді. Одан кейін әрбір 12 жылдан кейін келіп отырады. Яғни 25, 37, 49, 61, 73, 85, 97 болып жалғаса береді», – дейді Болат Бопайұлы.

Ол сосын әбіжат есебі болатыны еске салды.  Мысалы, қыз бала ананың құрсағында 9 ай, 9 күн жатып дүниеге келеді. Қыз бала сол 9 ай, 9 күнде бір жасқа келеді. Әсілі, ұл бала 9 ай, 12 күн жатады. Сондықтан ұл бала 12 жаста балиғатқа толады деп есептелінеді деп отыр.

«Содан кейін қырқыннан шығарған кезде қызды 39  күнде, бұрынырақ шығарады. Ұл баланы 41 күнде қырқынан шығарады. Ер адамды түз сақтайды, әйел адамды үй сақтайды дейді ғой. Сол  секілді әйелге қарағанда ерлерге  мүшел жас қауіпті, қатерлі болады деп есептейді. Адам мүшел жасқа толғанда сыртқа көп алыс сапар шекпейді. Той-домалақтарға, ұзақ жерлерге көп бармайды. Бір жыл бойы мүшел жасын сақтап, содан кейін де қызыл киім киіп, тілмен көзден сақтанып жүреді», – дейді этнограф. 

Ол 49 жастағы мүшел кезінде дүниеден өтетіндер көп екенін де айтып қалды. 

«Статистиканы қарап көрсем, 49 жаста әйел адамдарға  қарағанда ер адамдардың дүниеден қайтқандары көп екен. Менің әкем де сол 49 жасында кеткен. Сол жаста өте-мөте сақтанатын. Жалпы әлемде де сол. Тек қазақ емес, әлем елдерінде де бар.  Мүшел жас деген барлық елде бар. Бізде жұп санмен есептелінбейді. Неліктен деп сұраса, жұп саны жарыспалы,  егіз сан, сондықтан тақ санмен есептейді. Тек тақ сан болады. Мүшел жасында адам пышақ ұстап, қанын шығарып мал бауыздамайды, алыс жол жүрмейді. Бір жақсы нәрсесін садақаға береді. Әр айда, яғни жыл бойы 12 рет, садақа беріп шығады», - дейді Болат Бопайұлы.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →