Әрқайсымыз балалар қорғаушысы болуымыз керек
Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева Алматы облысында имамның намаз кезінде кішкентай баланы қолымен қағып жіберген жағдайы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алматы облысында намаз оқып тұрған имамның баланы қағып жіберген видеосы тараған еді. Жиында «Хидаят» (Алматы облысы) мешітінің имамы өз қателігін мойындап, баланың ата-анасынан, сондай-ақ жұртшылықтан кешірім сұраған. Баланың заңды өкілдері имамның кешірімін қабылдап, екі жақ бітімге келген-мыс.
Динара Зәкиеваның айтуынша, бұл кешіруге болмайтын қатыгез әрекет 24 сәуір күні орын алған. Видео тек қазір ғана пайда болып, бұл адамға қатысты қылмыстық іс тіркеліп жатыр.
“Осы жағдайға қатысты Бас мүфти Наурызбай қажымен сөйлестім, қатыгездік танытқан адам бүгін жұмыстан босатылды. Оның имам екеніне келер болсақ, негізі Исламда әйелдерге, балаларға құрметпен қарау және қамқор болуға қатысты көптеген хадис мен аяттар бар. Мысалы, Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) «оның немересі намаз кезінде оның басына отырған кезде, сәждеден басын көтермеген», - дейді уәкіл.
Динара Зәкиева жалпы өзіне ІІМ-нен республика бойынша түрлі зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты деректер жинақтамасы күнделікті келіп тұратынын айтады. Бірақ тіркелген фактілерге қатысты ақпарат қана. Ал жазасыз қалып жатқан фактілер қаншама, олар кейін көп жағдайда қайғылы салдарларға әкеледі.
“Сол себепті біздің әрқайсымыз балалар қорғаушысы болуымыз керек. Егер сіз бала қауіпте екенін немесе оның зорлық-зомбылыққа ұшырағанын білсеңіз, уәкілетті органдарға және келесі айдың ортасында жұмыс істей бастайтын 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы/сенім телефонына (ақпарат міндетті түрде барлық ақпарат көздерінде, мектептерде орналастырылады) хабарласыңыз. Қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін біз осылай ғана қалыптастыра аламыз”, - дейді Динара Зәкиева.